Бізге әр қызметкердің өмірі қымбат – Самұрық-Энерго басшысы өндірісте қауіпсіздік техникасын сақтау туралы

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша кезекті кеңес өткізді. Оған ЕТҰ-ның бірінші басшылары мен жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты.

«Өндірістік қауіпсіздік әрқашан назарда және күндіз-түні ерекше бақылауда болуға тиіс. Қызметкерлер мен басшылар арасында қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру бойынша жұмысты жандандыру қажет», - деп атап өтті Қайрат Мақсұтов.

Самұрық-Энерго басшысының тапсырмасы бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақсатында барлық еншілес және тәуелді ұйымдарда қауіпсіздік техникасының сақталуына жоспарлы тексерулер жүргізілетін болады. Олардың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар беріліп, түзету іс-қимылдарының жоспары әзірленеді.

 

Самұрық-Энерго мен Ansaldo Energia ынтымақтастық перспективаларын талқылады

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Ansaldo Energia Бас директоры Фабрицио Фаббримен кездесу өткізді. Тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастық пен әріптестікті әрі қарай дамыту мәселелерін талқылады. 

Кездесу барысында газ турбиналық қондырғылардың (ГТҚ) негізгі компоненттерін өндіруді оқшаулау мүмкіндіктері қарастырылды. Жоба Самұрық-Энергоның шығындарды оңтайландыруға және технологиялық тәуелсіздік деңгейін арттыруына мүмкіндік береді. 

Бұдан басқа, Алматыда мамандардың ГТҚ-ға қызмет көрсету және оны жөндеу бойынша біліктілігін арттыратын құзыреттер орталығын құру жоспарлануда. Мұндай орталық энергетика саласының кадрлық әлеуетін дамытудың негізгі буыны болмақ.

Сондай-ақ, кездесуде Алматы энергетика және байланыс университетінің (АЭжБУ) Генуя университетімен ынтымақтастығы мүмкіндігі талқыланды. Бұл еліміздің энергетика секторында озық газ технологиялары мен инновацияларды енгізуге қабілетті әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлау үшін перспективалар ашады.

 

 

Самұрық-Энерго басшысы IX Спартакиада қатысушыларын қабылдады

 «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлері арасындағы IX Cпартакиада суперфиналына қатысатын компанияның құрама командасы мүшелерін қабылдады.

Самұрық-Энерго басшысы энергетик спортшыларды құттықтап, жыл сайын өтетін Спартакиадада компанияның намысын үздіктердің үздігі қорғайтынын атап өтті.

«Былтыр біздің құрама жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Бұл – үлкен жетістік. Биыл да жақсы ойын көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізесіздер деп үміттенемін», - деді Қайрат Мақсұтов.

Кездесу соңында Самұрық-Энерго басшысы компанияның туын құрама команда капитаны Жанат Әмірешевке табыстап, спортшыларға алдағы дүбірлі додада жеңіс тіледі.

 

 

Самұрық-Энергоның HR қызметкерлері «C&B мектебінің» бағдарламасын сәтті аяқтады

Самұрық-Энергоның адам ресурстарын басқару жөніндегі 4 қызметкері кәсіби біліктілікті арттыру бойынша «C&B мектебі» модульдік курсын бітірді. Олар: Гүлжан Туржанова («Самұрық – Энерго» АҚ КО), Жанар Әділбекова (Шүлбі СЭС), Зульфия Боранбаева (Өскемен СЭС), Роза Картаева («Богатырь Көмір» ЖШС).  

Оқу бағдарламасы барысында әр қатысушы арнайы жоба әзірледі. Нәтижесінде Гүлжан Тұржанованың «Еншілес тәуелді ұйымдарды грейдирлеу» жобасы үздік деп танылды.

HR бағытындағы оқу бағдарламасы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлеріне арналған. Оқу барысында қатысушылар еңбек стандарттары, HR метрикасын қолдану және т.б. негізгі тақырыптарды меңгерді.

 

 

Еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру

«Самұрық-Қазына» АҚ «Health & Safety Young Workers Centre» өндірістік қауіпсіздік жөніндегі жас қызметкерлер орталығының өкілдері Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС-те болды. Олар компанияның өндірістік бөлімшелеріне барып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайымен танысты.

Мамандар қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталмауы жағдайларын қарастырып, өндірістік қауіпсіздікті басқару мәселелерін талқылады. Кездесу соңында Health & Safety Young Workers орталығының төрағасы Ерзатхан Абылайханов еңбек қауіпсіздігі мәдениеті бойынша шеберлік сыныбын өткізді.

 

Самұрық-Энерго мен China Energy ЖЭК жобасын бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойды

«Самұрық-Энерго» АҚ және China Energy Overseas Investment БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясы 29-шы сессиясының (СОР 29) алаңында қуаты 800 МВт жаңартылатын энергия көздері жобасын бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойды.

Жоба аясында Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын және Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу жоспарлануда. Құжат тараптардың Қазақстанда тұрақты энергетиканы дамыту жөніндегі ниеттерін бекітті. Нысандарды пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған.

Бұған дейін, 2024 жылғы 2 шілдеде Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ мен China Energy Overseas Investment арасында Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі аясында Жаңартылатын энергия көздері саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын.

 

Самұрық-Энергоның үздік өнертапқыштарының есімдері белгілі болды

«Самұрық-Энерго» АҚ жыл сайынғы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру тақырыбында үздік өнертапқыштық ұсыныстар байқауының қорытындысын шығарды. Жарысқа 12 жоба қатысты. 

Бірінші орынды Екібастұз 2-МАЭС қызметкері Бектемір Хабиболлаев иеленді. Оның химиялық тұзсыздандырылған суды үнемдеу бойынша жобасының экономикалық тиімділігі 24 млн теңгені құрады.

Екінші орынға Виктор Лопатин («Богатырь Көмір» ЖШС) және Аршидин Құрбанов («АлЭС» АҚ) ие болды. Виктор Лопатиннің ұтымды ұсынысы локомотивтерге техникалық қызмет көрсетуді оңтайландыруға бағытталған. Электр энергиясын тұтынуды азайтудың экономикалық тиімділігі 23 млн теңгені құрады.

Үшінші орынды Бақтияр Ғабдулин («Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС), Анна Рыжкова (Екібастұз ЖЭО), Нұржан Найзабеков («АлЭС» АҚ) иеленді.

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай барлық қатысушыларға «Самұрық-Энерго» АҚ-ның құрмет грамоталары берілді. Іс-шараны «Самұрық-Энерго» АҚ «Энергия тиімділігі, инновациялық даму және экологиялық қауіпсіздік» департаментінің қызметкерлері ұйымдастырды.   

2024 жылдың 10 айы бойынша Самұрық-Энергода 23 өнертапқыштық ұсыныс мақұлданды. Олардың экономикалық тиімділігі шамамен 190 млн теңгені құрады.

 

 

Самұрық-Энерго қызметкерлері VI Халықаралық энергия үнемдеу форумына қатысты

Энергия үнемдеу күні қарсаңында «Самұрық-Энерго» АҚ жұмыскерлері VI Халықаралық энергия үнемдеу форумына қатысты. 

Форум аясында энергия үнемдеу саясатын дамытудың және энергия тиімділігін арттырудың негізгі аспектілері талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар маңызды жобалар мен өзекті  мәселелер бойынша пікір алмасты. 

Сондай-ақ, форум елдегі өнеркәсіпті декарбонизациялау және энергия үнемдеуді автоматтандыру, цифрландыру және стандарттау тақырыптарын қамтыды.

«SK Әзіл Fest» қайырымдылық кеші

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің арасында «SK Әзіл Fest» қайырымдылық кеші өтті. Көңілді тапқырлар клубы сайысына «Самұрық-Энерго» АҚ атынан АлЭС-тың  «Токи в шоке» командасы қатысты. Олар көрермендерді ерекше әзілдерімен қуантып, әртістік шеберлігін көрсетті.

Қордың портфельдік компаниялары құрама командаларының өнер көрсету қорытындысы бойынша АлЭС электр монтері Әсет Губашев «SK Әзіл Fest серісі» аталымы бойынша марапатталды.

Бұл кеш көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қайырымдылыққа да өз үлесін қосты. Барлық жиналған қаражат мектептерде инклюзивті кабинеттер ашуға жұмсалатын болады.

 

Самұрық-Энерго жылдық есептер байқауының жүлдегері атанды

«Самұрық-Энерго» АҚ Мәскеу биржасының XXVII жыл сайынғы «Жария емес компанияның үздік жылдық есебі» жылдық есептер конкурсы «Гран-при» аталымының күміс жүлдегері атанды.

Оған экономиканың түрлі салаларынан 100-ден астам ірі компания қатысты. Сараптамалық топ пен нарықтың кәсіби қатысушыларының, мемлекеттік органдардың және тәуелсіз сарапшылардың өкілдерінен құралған жоғары білікті қазылар алқасы есептерді мынадай критерийлер бойынша бағалады: стратегия және басқару, компанияның жетістіктері мен мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жылдық есебі ақпараттың ашылу сапасы мен толықтығы, деректерді ұсынудың инновациялық тәсілдерімен жоғары деңгейдегі дизайн үшін жоғары бағаланды. «Гран-при» аталымындағы марапат Компанияның корпоративтік басқару саласындағы көшбасшылық ұстанымын, оның жоғары деңгейдегі жариялылық пен ашықтық стандарттарына бейімділігін, сондай-ақ есептіліктің заманауи талаптарға сәйкестігін растайды.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жылдық есебімен ресми интернет-ресурста танысуға болады.

«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Абай облысының әкімімен өңірдегі маңызды жобаны іске асыру бойынша кездесу өткізді

«Самұрық-Энерго» АҚ Семей қаласын электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ету сапасын арттыру мақсатындағы жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салу жобасын іске асыруға кірісуде. Абай облысына жұмыс сапары аясында Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов жобаның негізгі аспектілерін талқылау үшін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевпен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуде тараптар болашақ ЖЭО орнының нақтыланғаны туралы айтып, жобалық құжаттаманы дайындау, бастапқы деректер мен техникалық шарттарды ұсыну бойынша алдағы қадамдарды талқылады. Сондай-ақ, ЖЭО-ны өңірдің энергия жүйесіне кіріктіру үшін қажетті күл үйіндісіне, су жинау және сыртқы инфрақұрылым құрылысына учаске бөлу мәселелері қаралды.

Станция заманауи, экологиялық таза жабдықтармен жасақталатын болады. Ол энергия тиімділігі деңгейінің жоғары және қоршаған ортаға тигізетін әсерінің мейлінше аз болуын қамтамасыз етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны іске асыру жұмыстарын тездету үшін бірлескен іс-қимылдарды белгіледі. Облыс басшылығы жаңа жұмыс орындарын ашатын және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуінің маңызды бөлігіне айналатын осы бастаманы табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.