Астана қаласында өткен XVI KAZENERGY Еуразиялық форумы аясында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және Masdar компаниясының төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи арасында жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында Жамбыл облысындағы қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасының іске асырылу барысы талқыланды. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанда жаңартылатын қуат көздерін дамыту мен көміртексіздендірудің ұлттық мақсаттарына қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болмақ.
Тараптар жобалық құжаттаманы әзірлеу, жел генераторларын орналастыру сұлбасын жасау, сондай-ақ жел генераторлары мен электр беру желілерінің іргетастарын дайындау сияқты негізгі бағыттар бойынша айтарлықтай ілгерілеуді атап өтті.
Жобаға қатысушылар – «Самұрық-Энерго» АҚ және Masdar компаниясы – дайындық жұмыстарына арналған EPC-шартқа қол қоюға және оны ағымдағы жылы іске асыруды бастауға дайын екендерін растады. 2025 жылдың соңына дейін жобалық компания тікелей құрылыс алаңындағы жұмыстарға кірісетін болады.