Қазақстанда көмір генерациясының жаңа қуат көздері салынуда: «Самұрық-Энерго» 4 ірі жобаны жүзеге асыруда

Бұл жерде әңгіме №3 және №4 энергия блоктарын іске қосу арқылы Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскеменде ЖЭО салу туралы болып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметінің отырысында «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов мәлімдеді. 

Атап айтқанда, Екібастұз МАЭС-2-де әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын №3 және №4 энергия блоктарын салу жобасы жүзеге асырылуда. Олар тиісінше 2028 және 2030 жылдары іске қосылады. Қазіргі уақытта қазақстандық консорциуммен EPC-келісімшарт жасалды, 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды. 

Көкшетауда қуаттылығы сағатына 820 Гкал болатын жаңа ЖЭО-ның құрылысы жүруде. Нысанда коммуникациялар тартылған, инфрақұрылым дайындалуда және бетон торабының құрылысы жалғасуда. Жабдықтарды жеткізу 2027 жылы басталып, станса 2029 жылдың I тоқсанында іске қосылмақ. 

Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО құрылысының жобалары жүзеге асырылуда. Қазақстан-Сингапур консорциумымен EPC-келісімшарттар жасалды. Стансаларды іске қосу 2029 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. 

Жиында барлық жобалар энергия тапшылығын жоюға және елді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді. 

«Осылайша, "Самұрық-Энерго" АҚ Президент пен Үкіметтің тапсырмаларын орындау шеңберінде көмір өндіру жобаларын уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз етеді», — деп атап өтті «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.

Ақпарат көзі: https://t.me/KZgovernment/22876

 

Самұрық-Энерго қызметкерлері «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысты

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның қызметкерлері Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысты.

Экологиялық акция Президент саябағы аумағында өтіп, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлерін қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған ортақ мақсат төңірегінде біріктірді.

Акция барысында қатысушылар жағалау аумақтарын тазартуға үлес қосты.

 Компания осындай бастамаларды белсенді түрде қолдап, қызметкерлер арасында экологиялық жауапкершілікті нығайтады.

 

Еңбек қауіпсіздігіне басымдық: 2026 жылдың I тоқсанының қорытындылары

«Самұрық-Энерго» АҚ-да 2026 жылдың I тоқсаны бойынша өндірістік қауіпсіздік саласындағы жұмыс қорытындыланды. Басты назарда — тәуекелдердің алдын алу және басшылардың жауапкершілігін арттыру. 

«Біздің міндет — жағдай орын алғаннан кейін әрекет ету емес, алдын алу арқылы жұмыс істеу. Қауіпсіздік басқару мәдениетінің күнделікті ажырамас бөлігіне айналуы тиіс», — деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов.

Компаниялар тобында бұзушылықтарды азайтуға бағытталған кешенді алдын алу шаралар іске асырылуда. Оның ішінде оқыту, оқу-жаттығулар өткізу және цифрлық шешімдерді дамыту.

Көлік қауіпсіздігіне және цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұзушылықтарды төмендетуде тиімділігін дәлелдеген жасанды интеллект элементтері бар бейнеаналитика жүйелерін қолдану аясын кеңейту жоспарлануда.

Кеңес қорытындысы бойынша мердігер ұйымдарға бақылауды күшейту, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігін бекіту тапсырылды. Компания еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және өндірістік тәуекелдерді азайтуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыруды жалғастырады.

 

Самұрық-Энерго климаттық тәуекелдерді басқару бойынша RAEX рейтингінің ТОП-10 қатарына енді

«Самұрық-Энерго» АҚ RAEX агенттігінің ESG-рейтингінде климатқа әсерді басқару бойынша көшбасшылар қатарына кіріп, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және Моңғолияның 145 ірі компаниясы арасында 8-орынға ие болды.

RAEX зерттеуі бизнестің климатқа әсерін және климаттық тәуекелдерді корпоративтік басқарудың тиімділігін бағалайды. Зерттеу аясында климатқа әсер ететін төрт негізгі көрсеткіштің орташа мәндері қарастырылады: парниктік газдар шығарындылары, энергия тұтыну, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі және климат өзгерістеріне бейімделу. Рейтинг әдістемесі шығарындыларды азайту стратегиясын, климаттық тәуекелдерді бизнес-үдерістерге енгізуді және ақпараттың ашықтығын ескереді.

Рэнкинг нәтижелері «Самұрық-Энерго» АҚ-ның климаттық басқару саласында заманауи тәсілдерді жүйелі түрде енгізетінін растайды. Оның ішінде климаттық тәуекелдерді мониторингтеу, ашықтықты арттыру және халықаралық ESG стандарттарын қолдану бар.

Компания тәжірибелік бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыруда: парниктік газдар шығарындыларын азайтып, энергия тиімділігін арттыруда және климаттық мақсаттарды күнделікті қызметке енгізуде. Бұл қадамдар компанияның тек міндеттемелерді орындауға ғана емес, сонымен қатар нақты жобалар мен үдерістерде тұрақтылық көрсеткіштерін жақсартуға дайын екенін көрсетеді.

 

Самұрық-Энергоның өкілдері Қазақстан машина жасаушылардың XIII форумына қатысты

Өндіріс жөніндегі басқарушы директор Ғалымбек Ауталипов «Энергетикалық жобаларға арналған машина жасау» атты секциялық отырыста сөз сөйлеп, Қазақстанда «таза көмір» технологияларын трансферттеу және оқшаулау перспективалары туралы баяндады. Ол елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, экологиялық міндеттемелерді сақтау үшін аталған технологияларды енгізу стратегиялық қажеттілік ретінде қарастырылып отырғанын атап өтті. Негізгі перспективалар қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, жаңа нысандар салумен байланысты.

«Баға маркетингі» офисі мен «Сатып алуды басқару» департаментінің өкілдері «Самұрық-Қазына» АҚ-ның сатып алуларындағы ішкі елдік құндылық тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты. Қатысушылар мемлекеттік өнеркәсіп саясатының өзекті мәселелерін, импортты алмастыруды ынталандыру шараларын, сондай-ақ кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту бағыттарын талқылады.

Қазақстан машина жасаушылар форумы дәстүрлі түрде мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін біріктіретін, машина жасау саласы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға арналған стратегиялық көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік беретін негізгі диалог алаңы болып табылады.

Самұрық-Энерго China-Eurasian Economic Cooperation Fund және Energy China компанияларымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады

«Самұрық-Энерго» АҚ-да China-Eurasian Economic Cooperation Fund (CEF) және China Energy Overseas Investment Co., Ltd (Energy China) делегациясымен кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар бірлескен жобалар аясындағы өзара іс-қимыл перспективаларын, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов пен China-Eurasian Economic Cooperation Fund компаниясының бас директоры Чэнь Чжуо өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтіп, серіктестікті одан әрі дамытуға, соның ішінде жаңа энергетикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ниет білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру және ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын пысықтау жөнінде келісімге қол жеткізілді.

China-Eurasian Economic Cooperation Fund (CEF) — Қытай Халық Республикасының негізгі қаржы институттарының қатысуымен құрылған мемлекеттік инвестициялық қоры. Қор «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру тетіктерінің бірі болып табылады және Еуразия елдеріндегі энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларына инвестиция салуға бағытталған.

«Самұрық-Энерго» АҚ-да комплаенс мәселелері бойынша оқыту іс-шарасы өтті

«Самұрық-Энерго» АҚ-да комплаенс, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы және Қоғамның жаңа ішкі нормативтік құжаттары мәселелері бойынша оқыту іс-шарасы өтті.

«Комплаенс» қызметі ұйымдастырған оқыту іс-шарасы Қоғам мен оның еншілес тәуелді ұйымдарының қызметкерлеріне арнап өткізілді.

Оқыту шеңберінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының негізгі талаптары, сондай-ақ Қоғамның талаптардың сақталуын қамтамасыз етудегі және комплаенс пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудегі комплаенс функциясының рөлі қаралды.

Оқыту іс-шарасына қатысушыларға үшінші тұлғаларды тексеру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау, кірістерді декларациялау мәселелерін қоса алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі құралдары ұсынылды.

Қоғамның комплаенс саласындағы жаңартылған ішкі нормативтік базасына, оның ішінде «жедел желінің» жұмыс істеуі, өтініш берушілерді қорғау, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеу қағидатын сақтау мәселелері бойынша, сондай-ақ мүдделер қақтығысы туындаған және пара алу әрекеттері кезіндегі іс-қимыл алгоритмдеріне ерекше назар аударылды.

Өткізілген оқыту іс-шарасы комплаенс туралы білім деңгейін арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобында парасаттылықты дамытуға бағытталған.

Самұрық-Энерго ТМД аумағындағы тағы бір ең ірі жел электр станциясының құрылысын бастады

Павлодар облысында қуаты 1 ГВт Қазақстан мен ТМД-дағы ең ірі жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысына ресми түрде бастау берілді. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ State Power Investment Corporation компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Павлодар облысында жобаның практикалық іске асырылу және құрылыс кезеңіне өткенін білдіретін уақыт капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және халықаралық серіктестердің өкілдері қатысты.

Бейнеконференция байланысы арқылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, сондай-ақ State Power Investment Corporation компаниясының Вице-президенті Чен Хайбин сөз сөйледі. Олар жобаның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, экономиканы декарбонизациялаудағы және «жасыл» энергетикаға инвестициялар тартудағы маңыздылығын атап өтті.

Нысан алаңында құрылыстың ресми басталуына «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және SPIC Green Energy компаниясының Басқарма төрағасы Шоу Руфэн қатысты. 

«Жаңартылатын энергетика саласындағы ауқымды жобаны іске асыру энергожүйенің тұрақтылығын арттыруға және Қазақстанның «жасыл» экономикасын дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады», — деп атап өтті Самұрық-Энергоның басшысы Қайрат Мақсұтов.

Жоба аясында қуаты 300 МВт болатын энергия жинақтау жүйесін салу қарастырылған. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, жаңартылатын энергия көздерін энергожүйеге тиімді интеграциялауға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Жел электр станциясын 2029 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Самұрық-Энерго мен China Huadian Overseas Investment Co., Ltd. өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

«Самұрық-Энерго» АҚ-да Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтовтың China Huadian Overseas Investment Co., Ltd. компаниясының вице-президенті Чжоу Дэхуамен кездесуі өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат жаңартылатын энергия көздері, гидроэнергетика, маневрлік генерация және энергия жинақтау жүйелері, оның ішінде гидро жинақтаушы электр станциялары (ГЖЭС) мен BESS бағыттарындағы жобаларды зерделеу және іске асыруды қамтитын кең ауқымды ынтымақтастықты көздейді. 

Тараптар энергетикалық нысандарды цифрландыруға, озық технологияларды енгізуге, предиктивті талдау мен жасанды интеллектке негізделген шешімдерді дамытуға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және кадрлар даярлауға ерекше назар аудармақ. Меморандум аясында тараптар келесі келісімдерді әзірлеу және бірлескен бастамаларды нақты пысықтау үшін арнайы жұмыс тобын құруға ортақ шешімге келді. Әр тараптан үйлестірушілер айқындалып, бұл өзара әрекеттесуді жүйелі түрде сүйемелдеуге мүмкіндік береді. 

«China Huadian Overseas Investment Co., Ltd. компаниясымен меморандумға қол қою халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және энергетика саласындағы перспективалық жобаларды бірлесіп іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл әріптестік заманауи технологияларды енгізуге, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға және саланың тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз», — деді «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов.

China Huadian Overseas Investment Co., Ltd. — Қытайдың «үлкен бестігіне» кіретін China Huadian Corporation компаниясының еншілес ұйымы. Топтың жиынтық орнатылған қуаты 203 ГВт-тан асады, ал шетелдік жобаларының қуаты 4,5 ГВт-тан жоғары. Компания әлемнің 30-дан астам елінде ұсынылған.

 

Самұрық-Энерго басшысы ұжымды Наурыз мерекесімен құттықтады

Самұрық-Энергода табиғаттың жаңаруын және жаңа жылдың басталуын білдіретін көктемгі мерекеге арналған салтанатты іс-шара өтті. 

Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов әріптестерін қасиетті Ораза айт және Наурыз мейрамдарымен құттықтады.

Ол айтулы мерекелер бірлік, өзара құрмет және жасампаздық сияқты құндылықтарды дәріптейтінін атап өтіп, ұжымға ұйымшыл еңбегі, кәсібилігі және еліміздің энергетика саласының дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Іс-шара аясында мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды.

Наурыз мерекесі ұжымның бірлігін арттырып, барлық қатысушыларға көктемгі көңіл-күй сыйлады.

 

Самұрық-Энерго халықаралық серіктестермен бірге Қазақстандағы ең ірі жел электр станциясының құрылысын бастады

Жамбыл облысында Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станциясының құрылысы бастау алды. Уақыт капсуласын салу рәсімі Мойынқұм ауданындағы Хантау ауылы маңында салтанатты түрде өтті. Жоба Қазақстан мен Франция Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік аясында «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз» ҰК» және әлемге әйгілі TotalEnergies компаниясымен жүзеге асырылуда.

Іс-шараға бейнеконференция байланысы арқылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, Францияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Сильван Гиоге, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өкілдері қатысты.

Тікелей алаңда құрылыс жұмыстарына ресми түрде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, TotalEnergies Renewables басқарушы директоры Тьерри Плезан және «KMG Green Energy» ЖШС-ның Бас директоры Әділжан Нұрсипатов бастау берді. 

«Жоба аясында 20 мың гектар аумақта әрқайсысының қуаты шамамен 7 МВт болатын 150 жел генераторын орнату көзделген. Станция жылына шамамен 4 млрд кВт·сағ «таза» электр энергиясын өндіреді. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі энергия тапшылығын жабуға елеулі үлес қосады. Жалпы жоба Қазақстан энергетикасы үшін стратегиялық маңызға ие», - деп атап өтті құттықтау сөзінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басшысы Қайрат Мақсұтов.

«Мирный» жобасы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын, сыйымдылығы 600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесін, сондай-ақ ілеспе электр желілік инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.

Жоба еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Оның жүзеге асырылуы ұлттық энергожүйені нығайтып, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырады. Сонымен бірге ЖЭС жаңа жұмыс орындарын құруға және Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді.