«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Бейжіңде China Energy басшысымен кездесті

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Бейжіңде China Energy International Group ұйымының басқарма төрағасы Люй Цзэсянмен кездесті.

Тараптар энергетика саласындағы, соның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобалар бойынша серіктестік мәселелерін талқылады.

2024 жылы 2 шілдеде Астанада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің аясында Қор мен China Energy Overseas Investment (China Energy International Group-тың еншілес компаниясы) арасында жаңартылатын энергия көздері саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

Бүгінгі кездесуде «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен China Energy Overseas Investment компаниясының басшысы Лин Сяодань жобаны бірлесе әзірлеу туралы келісімге қол қойды. Аталған жоба аясында Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын және Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу көзделген.

China Energy International Group — көмір өндіру, жылу энергетикасы, жел энергетикасы, көмірді қайта өңдеу және су өнеркәсібі саласындағы әлемнің ірі компанияларының бірі. 

Дереккөз: @samrukkazyna_official

«Самұрық-Энерго» АҚ Vienna Energy Security Dialogue форумына қатысты

 «Самұрық-Энерго» АҚ «Корпоративтік басқару және орнықты даму» департаментінің бас менеджері Арай Серікжанова энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша 7-ші Вена диалогына қатысты (Vienna Energy Security Dialogue). 

Арай «Энергетикалық қауіпсіздікті арттыру үшін энергетикалық білім беру, тиімділік және инклюзивтілік» интерактивті панельдік сессиясында сөз сөйледі, онда энергияға ауысудың табысты өтуі үшін білікті және инклюзивті жұмыс күшінің маңыздылығы талқыланды. Сондай-ақ, жаңартылатын энергетика саласындағы болашақ көшбасшыларды даярлауға, жастар мен әйелдерді энергетика саласына тартуға ерекше назар аударылды. 

Сөз сөйлеу барысында Арай Серікжанова энергетика секторында және энергияға көшуде әйелдердің алатын рөлін атап өтті. Ол әйелдердің ауқымды жұмыстарды атқаратындығының, икемділігі мен екіұдай жағдайда шешім қабылдай алатын қабілетінің арқасында айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті. Арай сонымен қатар ЕҚЫҰ мен өзі қатысатын GWNET тәлімгерлік бағдарламасы туралы айтты. Оның айтуынша, мұндай бағдарламалар энергетика саласында жұмыс істейтін әйелдердің дағдыларын нығайтуына, байланыс желісін кеңейтуіне және мансап жолында өсуіне көмектесе отырып, кәсіби дамуда маңызды рөл атқарады. 

Форум билік, бизнес, ғылым және азаматтық қоғам өкілдерін қоса алғанда, барлығы 200-ден астам қатысушының басын қосты. 

АлЭС: Онлайн-режимдегі экологиялық бақылау

Атмосфералық ауаға шығарылатын эмиссияларды мониторингілеу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйелері (МАЖ) Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО мен «АлЭС» АҚ Батыс жылу кешені шығарындыларының стационарлық көздеріне орнатылған. Бұл жобаларды іске асыру «Самұрық-Энерго» АҚ кәсіпорындарының экологиялық қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламасының маңызды кезеңі болып табылады. Компания табиғатты қорғау іс-шараларының тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.   

Қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін орнату кәсіпорындардың қалалық және табиғи ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді.  

Жүйе эмиссиялардың негізгі стационарлық көздерінің газ (түтін) шығарындыларын бақылауға арналған, сондай-ақ азот оксидтері (NO, NO2, NOx), күкірт диоксиді (SO2) және т. б. сияқты заттар шығарындыларының жалпы көлемін есептейді. МАЖ нақты уақыт режимінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараттық жүйесіне деректер беруді қамтамасыз етеді. 

Қазіргі уақытта 1-ЖЭО мен БЖК МАЖ жүйелері сынақтан өтуде. Деректерді беру арнасын баптау және Министрліктің дерекқорымен біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Жылыту маусымы басталып, қазандық агрегаттары іске қосылғаннан кейін жүйе дерек бере бастайды. 

 

Самұрық-Энерго Таланттар пулы: Жаңа заманға сай көшбасшы

«Адам ресурстарын басқару» департаменті «Самұрық-Энерго» АҚ кадр саясатының жоспарына сәйкес Қоғамның Таланттар пулының қатысушылары мен компанияның Директорлар кеңесінің Тағайындау және сыйақы жөніндегі комитеті мүшелерімен кездесу ұйымдастырды. «Жаңа заманға сай көшбасшы» тақырыбындағы іс-шараның  мақсаты – заман талабына сай көшбасшылық қасиеттерді дамыту қажеттілігін түсіну.     

Кездесу барысында компания басшылары өз еңбек жолдарындағы оқиғаларымен бөлісті. Сол арқылы қатысушыларды кәсіби дамуға ынталандырды.  

Жиында Таланттар пулының мүшелері алға қойылған мақсаттарға жетудің негізгі құралдарымен танысты. Олар іс-шараға белсенді қатысып, жаттықтырушының нұсқаулары бойынша тапсырмалар орындады.      

Жаңа білім мен дағдыларды қатысушылар алдағы уақытта кәсіби қызметте жұмыстың тиімділігін арттыру үшін қолданатын болады. 

 

Күзгі HR Connect: Озық тәжірибелер алаңы

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның  Адам ресурстарын басқару департаменті күзгі HR Connect шарасын ұйымдастырды. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының HR-мамандары қатысты. 

Самұрық-Энерго HR қызметкерлері әріптестерімен еңбек эргономикасы туралы, жұмыс берушінің бренді, компанияда жүргізіліп жатқан үздіксіз жақсартулар бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, олар Самұрық-Энерго әйелдер клубының жұмысы жайлы, зейнеткерлерді қолдау және еншілес ұйымдардағы дуальды оқыту бағдарламалары туралы кеңінен ақпарат берді.  

Іс-шараға қатысушылар тақырып аясындағы өзекті мәселелерді белсенді талқылап, тәжірибе алмасты. Осылайша, HR Connect қызметкерлерді басқару бойынша инновациялық шешімдерді енгізудің маңызды алаңына айналды. 

. 

  

 

Самұрық-Энерго және Kazenergy өкілдері АлЭС әйелдер клубының отырысына қатысты

«Самұрық-Энерго» АҚ «Корпоративтік басқару және Орнықты даму» департаментінің директоры Мәдина Айсариева мен KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ақмұрзина «АлЭС» АҚ әйелдер клубының өкілдерімен кездесу өткізді. Клубтың кезекті тоғызыншы отырысында қыркүйек айының басында Астанада өткен «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының бірінші әйелдер форумының қорытындысы қаралды.   

. 

 

Мәдина Айсариева әйелдер күн тәртібінің стратегиялық міндеттерін және энергетика саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлары туралы айтты.       

«Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобындағы әйелдердің үлесі 26%-ды құрайды. Біз әрбір әйел өз әлеуетін іске асыра алатын инклюзивті жұмыс кеңістігін құруға тырысамыз», - деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ әйелдер клубының негізін қалаушы Мәдина Айсариева.  

KAZENERGY атқарушы директоры Ләззат Ақмұрзина отырысқа қатысушыларға Қауымдастықтың Әйелдер энергетикалық клубының қызметі, өткізілетін тренингтер мен семинарлар туралы айтты. Атап айтқанда, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында іске асырылатын «Энергетикадағы әйелдер көшбасшылығы» ЕМВА бағдарламасы туралы. Бағдарлама энергетика саласындағы әйелдерге сапалы білім беру мен қолдауды қамтамасыз ете отырып, болашақ көшбасшыларды даярлауға бағытталған.   

  

 

«АлЭС» АҚ персоналды даярлау бөлімінің бастығы компаниядағы Әйелдер клубының жұмысы туралы айтып берді.  Клубтың 300-ге жуық қатысушысы бар. Осы уақыт ішінде кадр резервіндегі әйелдердің үлесі 25%-ға жетті, қызмет бабы бойынша 25 ілгерілеу байқалды. Әйелдер компанияның өзекті міндеттерін талқылауда белсенділік танытып, өз құзыреттерін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, қоғамдық қызметті белсенді атқаруда.   

Әйелдер клубы өкілдерінің кездесуі 2025 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтетін 1-ЖЭО-ға экскурсияға барумен аяқталды.  

Самұрық-Энергоның бес жас маманы «Жеті қадам» бағдарламасын сәтті аяқтады

Жас көшбасшыларды дамыту бағытындағы «Жеті қадам» модульдік бағдарламасының екінші кезеңінің жабылу рәсімі болды. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларының және олардың еншілес ұйымдарының 50 маманы қатысты.   

Аталмыш жобаға «Самұрық-Энерго» АҚ-дан 5 жас маман қатысты: Төлеулиева Әйгерім («Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік орталығы), Әмірбеков Әсет («Алматы электр станциялары» АҚ), Нәби Перизат («Алатау Жарық Компаниясы» АҚ), Кавун Алена («Богатырь Көмір» ЖШС) және Жұмажанов Данияр («Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ).  

Қатысушылар 5 ай бойы коммуникативтік дағдыларын, көшбасшылық әлеуеттерін және басқару құзыреттерін дамыту, бюджеттік жоспарлау қағидаттарын түсіну  бағытында оқыды. Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар жобалық жұмыстарын сәтті қорғады.   

Комиссия шешімі бойынша «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қызметкері Нәби Перизаттың «SMART Каска» жобасы Самұрық-Энерго компаниялар тобы бойынша  ұсынылған жұмыстардың ішінде үздік деп танылды. Ақылды каска биометрия құрылғылары арқылы адамның жүрек соғысы, қан қысымы, дене температурасы туралы ақпарат береді. Сонымен қатар каска жұмысшылардың қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша бақылауға арналған. Озық деңгейдегі жүйе еңбек тәртібін арттыруға, жұмыс және демалыс режимін реттеуге және өндірістегі жарақаттанудың алдын алуға мүмкіндік береді. 

 

 

«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Алматы 2-ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен Алматы 2-ЖЭО-ға барды. Самұрық-Энерго басшысы Қайрат Мақсұтов оған «АлЭС» АҚ құрамына кіретін станциялардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы туралы баяндады.   

Бүгінгі таңда станциялардағы барлық жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Жөндеу науқаны белгіленген мерзімде аяқталады. «АлЭС» АҚ объектілері күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын алу бойынша іс-шаралар өткізуде. 

Самұрық-Қазына басшысы қазіргі уақытта көмірмен жұмыс істейтін Алматы 2-ЖЭО-ның жұмысымен танысып, жылу электр орталығының аумағындағы жаңа бу-газ станциясының құрылыс алаңында болды.  

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. 2-ЖЭО-ны жаңғырту және кейіннен оны газға көшіру ауаға шығарылатын шығарындыларды азайтуға, сондай-ақ электрмен және жылумен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

. 

 

Ақмола облысының әкімдігінде Көкшетау қаласында ЖЭО салу жобасы бойынша кеңес өтті

Көкшетау қаласында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «Интер РАО-Экспорт» ЖШҚ Бас директоры Максим Сергеевтің қатысуымен кеңес өтті.  

Кеңесте «Көкшетау қаласында ЖЭО салу» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, станцияны жобалау, 2024 жылға арналған жұмыс жоспарлары, сондай-ақ ЖЭО үшін жеткізу инфрақұрылымын салу мәселелері қозғалды. 

Қайрат Мақсұтов 2024 жылғы тамызда қол қойылған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу шарты және құрылыс алаңында басталған дайындық жұмыстары туралы хабардар етті. Өз кезегінде, Интер РАО-Экспорт басшысы жабдықты жеткізу, қаржыландыруды ұйымдастыру жөніндегі мәселелердің егжей-тегжейлері туралы хабарлады. 

Кеңес қорытындысы бойынша Ақмола облысының әкімі әкімдіктің уәкілетті басқармалары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарға жобалау үшін барлық қажетті бастапқы деректерді беру, сондай-ақ сыртқы инфрақұрылым салу жөніндегі жоспарларды ЖЭО салу жоспарларымен үндестіру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. 

 

 

 

Экочеллендж: Тазалық жұмыс орнынан басталады

«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері «Таза Қазақстан сенен басталады» экологиялық челленджіне белсене қатысуда. Эко іс-шараның мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы табиғатты қорғауға шақыру.  

Сондай-ақ, акция қызметкерлер арасында күнделікті эко әдеттерді қалыптастыруды көздейді. Осы орайда компания қызметкерлері жұмыс орындарын дұрыс ұйымдастыру бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.   

Корпоративтік орталық қызметкері Әсел Баймахан жұмыс орнын жасыл желекпен көмкеріп, айналасын әдемі гүлдерге толтырды.  

«Кеңсе өсімдіктерінің денсаулыққа пайдасы зор. Сонымен қатар олар айналаға сән беріп, көңіл-күйді көтереді. Бұл өз кезегінде жұмыс процестерінің тиімділігін арттырады», - дейді Әсел 

 «АлЭС» АҚ қарасты Батыс жылу кешенінің қызметкері Ақерке Иембергенова жұмыс орнында тазалық сақтауға аса назар аударатынын айтты.   

«Жан-жағыңды қажетсіз заттардан тазартып, айналаны реттеп отыруды әдетке айналдырудың маңыздылығын түсіндім. Жұмыс орнында қызметкерге кедергі жасайтын артық заттар болмау керек. Бұл жұмыс барысында қойылған міндеттерге баса назар аударып, жетістіктерге қол жеткізуге септігін тигізеді», - деп санайды Ақерке Иембергенова. 

#тазақазақстансененбасталады 

#ecoenergy  

 

Самұрық-Энерго басшысы өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткізді

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов еншілес және тәуелді ұйымдармен өндірістегі жарақаттанудың алдын алу мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Жиында еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру аясындағы іс-шаралар қаралды.      

«Богатырь Көмір» ЖШС, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Алматы электр станциялары» АҚ-ның бірінші басшылары баяндама жасады. Олар жазатайым оқиғаларға қатысты тергеу нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабардар етті.  

Самұрық-Энерго басшысы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерінің осал тұстарын атап өтті. Бұл ретте өндірістік қауіпсіздікті тиісінше бақылауға және ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың орындаушылық тәртібінің  төмендігіне баса назар аударылды. 

Кеңес қорытындысы бойынша Қайрат Мақсұтов еңбек жағдайларын жақсарту, өндірістік қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау туралы бірқатар тапсырмалар берді.