«Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік басқарудың жоғары деңгейін және орнықты даму қағидаттарына бейілділігін растай отырып, менеджмент жүйелерінің халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкестігіне сертификаттық аудиттен сәтті өтті.
Жүргізілген аудиттің негізгі нәтижесі ISO 37301:2021 «Комплаенс менеджмент жүйесі (Compliance Management System)» сертификатына қол жеткізу болды. «Самұрық-Энерго» АҚ осы халықаралық стандартқа сәйкес комплаенс-менеджмент жүйесін енгізген және сертификатын алған компаниялардың бірі болды.
ISO 37301 сертификатын алу корпоративтік басқару жүйесінің жоғары жетілгендігін, іскерлік этиканың жоғары стандарттарына адалдығын және Компания қызметінің ашықтығын көрсетеді.
«Самұрық-Энерго» АҚ Жұмысшы мамандықтары жылында жұмысшыларды қолдау және дамыту жөніндегі кең ауқымды бағдарламаны табысты іске асырды.
Самұрық-Энерго компаниялар тобындағы әлеуметтік тұрақтылық индексі (SRS) 77% — ға жетті, өсім 2024 жылмен салыстырғанда 8%.
Кеңейтілген әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек жағдайларын одан әрі жақсарту шаралары қарастырылған, 2025-2027 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартқа қол қойылды.
Өндірістік қызметкерлердің жалақысы 2025 жылы 8%-ға өсті. 2026 жылы 10%-ға өсім жоспарлануда.
Қауіпсіздік пен қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін өндірістік қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары айтарлықтай жақсарды.
Самұрық-Энерго «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары арасында «Таланттар сәулетшісі» аталымы бойынша «HR-бренд 2025» конкурсының жеңімпазы атанды.
Еншілес және тәуелді ұйымдарда 20-дан астам кәсіби конкурс өткізілді («Үздік инженер», «Үздік тәлімгер», «Еңбек батыры», «Үздік маман» және т.б.).
Оқушылар мен студенттер үшін 100-ге жуық кәсіптік бағдар беру іс-шаралары өткізілді.
Білім беру бағдарламалары аясында Самұрық-Энерго кәсіпорындарында 600-ге жуық студент өндірістік және диплом алдындағы практикадан өтті. Олардың ішінде Самұрық-Энергоның қолдауымен АЭжБУ-дың 4 студенті Генуя Университетінде (Италия) тағылымдамадан өтті.
«Samruk Umiti» жобасы аясында кәсіптік бағдар беру іс-шарасы өткізіліп, Риддер қаласындағы балалар үйінің төрт тәрбиеленушісіне қамқорлық жасау туралы бастама көтерілді.
«Тәлімгер» жобасы аясында колледждердегі оқуын аяқтаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 8 бала «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылды.
Компаниялар тобының 800-ге жуық қызметкері мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік наградалармен марапатталды.
Компания жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, әлеуметтік тұрақтылыққа және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастырады.
«Самұрық-Энерго» АҚ-да Энергетик күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Kazenergy» қауымдастығының бас директоры Жандос Нұрмағанбетов, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов қатысты.
Құттықтау сөзінде «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компаниялар тобының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, еңбекқорлықтары мен өз ісіне адалдығы үшін алғыс білдірді.
«Самұрық-Энергоның» электр энергиясын өндіру үлесі алғаш рет Қазақстандағы жалпы электр энергиясын өндіру көлемінің 34%-на жетті. Бұл көрсеткіш біздің Компаниямыз – энергетика саласының көшбасшысы екенін тағы да дәлелдейді. Жыл қорытындысы бойынша қызметтің барлық негізгі бағыттарында өсім қамтамасыз етілді: электр энергиясын өндіру, көмір өндіру, электр энергиясын беру және өткізу көлемі ұлғайды. Бұл жетістіктерге сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің, жауапкершіліктеріңіз бен үйлесімді командалық жұмысымыздың арқасында қол жеткізілді», - деп атап өтті Самұрық-Энерго басшысы Қайрат Мақсұтов.
Компания мен энергетика саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін 150-ден астам қызметкер «Самұрық-Қазына» АҚ, ҚР Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Энерго» АҚ, KAZENERGY қауымдастығының, Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының, Қазақстандық салалық энергетиктердің кәсіподағы медальдарымен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты іс-шара Самұрық-Энерго компаниялар тобының талантты қызметкерлерінің қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Интеграцияланған жылдық есебі 2024 жылғы Жылдық есептерді талдау нәтижелері бойынша PwC Kazakhstan дайындаған «ESG-ақпаратты ашу бойынша үздік 50 компания» жыл сайынғы рейтингінде 1-орынды иеленді.
PwC Kazakhstan рейтингі Қазақстан компанияларының экологиялық, әлеуметтік және басқару (ESG) қызметі туралы деректердің ашықтығы мен ашылу сапасын бағалаудың тәуелсіз құралы болып табылады. Рейтинг компаниялардың ESG есептілігінің жетілу деңгейін көрсетеді, қаржылық емес есептіліктің заманауи халықаралық стандарттарға сәйкестігін және ESG тәжірибелерін, тұрақты дамуды басқару жүйелерін бағалайды. Сонымен қатар рейтинг ESG аспектілерін корпоративтік стратегияларға біріктіру бойынша үздік тәжірибелерді анықтау, ақпаратты ашу сапасын арттыру құралы ретінде қызмет етеді.
«Самұрық-Энерго» АҚ рейтингінің қорытындысы бойынша жалпы есепте ғана емес, сонымен қатар 98 қазақстандық компания арасында ESG-ақпаратты ашудың мынадай бірнеше негізгі бағыттары бойынша көшбасшы болып танылды:
Энергетика секторындағы ESG ақпаратын жақсы ашу
Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін барынша толық ашу
Орнықты даму саласындағы стратегияны жақсы ашу
Әлеуметтік мәселелерді жақсы ашу.
Бұл нәтиже «Самұрық-Энерго» АҚ қызметіндегі корпоративтік есептілік мәдениетінің жоғары деңгейін, орнықты дамуға қатысты көзқарастың жүйелілігін және ашықтық қағидаттарына бейілділікті растайды.
Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары аясында «Самұрық-Энерго» АҚ Mitsubishi Heavy Industries тобымен энергетикалық активтерді ұзақ мерзімді жаңғырту және озық экологиялық технологияларды енгізу мәселелеріне арналған бірқатар келіссөздер жүргізді.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Mitsubishi Heavy Industries, Ltd. Президенті /CEO Эйсаки Ито мырзаның қатысуымен кездесу өтті. Келіссөздер шеңберінде тараптар Қазақстан Республикасында MHI қызметін кеңейтудің перспективалар мен ағымдағы қатысуын, сондай-ақ энергетика саласындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Mitsubishi Heavy Industries, Ltd. озық технологияларын қолдануды қоса алғанда энергетикалық қуаттарды жаңғырту, шығарындыларды азайту және станциялар жұмысының сенімділігін арттыру кезіндегі Екібастұз энергетикалық торабының — Екібастұз 1-МАЭС және Екібастұз 2-МАЭС негізгі объектілеріндегі ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басқа да өндірістік нысандарында одан әрі бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктері қарастырылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ мен Mitsubishi Heavy Industries Power Environmental Solutions, Ltd арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім 2026-2036 жылдар аралығында Екібастұз 1-МАЭС және Екібастұз 2-МАЭС энергетикалық объектілерін жаңғырту бағдарламасын іске асыруды көздейді, инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 120 млн АҚШ долларын құрайды.
Қол қойылған құжат серіктестікті тереңдету, озық жапон технологияларын енгізу және Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын тұрақты дамытуға бағытталған кешенді шешімдерді іске асыру үшін ұзақ мерзімді негіз қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары, сондай - ақ «Орталық Азия – Жапония» форумына қатысу шеңберінде «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері энергетика және өнеркәсіп секторындағы ірі жапон компанияларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
JERA Co., Inc. (Japan's Energy for a New Era) компаниясымен кездесу өтті, оның барысында инвестициялық қызмет саласындағы ынтымақтастықтың, жұмыс істеп тұрған энергетикалық станцияларды жаңғырту және қайта құру кезінде озық жапон технологияларын қолданудың, сондай-ақ электр энергетикасында цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша тәжірибе алмасудың әлеуетті мүмкіндіктері талқыланды.
Тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға, оның ішінде энергетикалық активтердің тиімділігі мен сенімділігін арттыру, пайдалану және техникалық қызмет көрсету саласында заманауи шешімдерді енгізу, сондай-ақ энергетика саласын тұрақты дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру бөлігінде өзара мүдделілікті атап өтті.
Сондай-ақ, сапар аясында Mitsui & Co., Ltd., компаниясымен кездесу өткізілді, оның барысында Mitsui компаниясының Қазақстан Республикасындағы қызметін кеңейту жоспарлары талқыланды. Жапондық тарап Компанияның Алматы және Астана қалаларында екі өкілдігі бар екенін, оның жабдықтарды жеткізу қызметін жүзеге асыратынын, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысатынын хабарлады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық өзара іс-қимылды, жылу электр станцияларында заманауи технологиялық шешімдер қолдануды, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ объектілерінде жасанды интеллект құралдарын дамыту мен енгізуді қоса алғанда, ынтымақтастықтың әлеуетті мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылау үшін Астана қаласында бетпе-бет жұмыс кездесуін өткізу туралы уағдаласты.
«Самұрық-Энерго» АҚ-да Қоғам қызметкерлері үшін Мінез-құлық кодексі, мүдделер қақтығысын реттеу және Жедел байланыс желісінің жұмыс істеуі мәселелеріне арналған оқыту іс-шарасы өтті.
Оқыту іс-шарасын «Комплаенс» қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту және Компаниядағы этикалық стандарттарды нығайту бойынша жүйелі жұмыс шеңберінде жүргізді.
Оқыту барысында «Самұрық-Энерго» АҚ Мінез-құлық кодексінің негізгі ережелері, қызметкерлердің мінез-құлқына қойылатын талаптар, мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу тәртібі, сондай-ақ жедел байланыс желісі жұмысының тетіктері мен өтініш берушілердің құпиялылығы мен қорғалуына кепілдік мәселелері қарастырылды.
Оқыту «Самұрық-Энерго» АҚ қызметкерлерінің хабардарлығын арттыруға және адал мінез-құлықтың орнықты мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Жұмысшы мамандықтары жылына және адами капиталды дамытуға арналған конференция «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобын, бизнес өкілдерін, сарапшылар қоғамдастығын және жастарды біріктіріп, жұмысшы мамандықтарын дамыту мен білікті кадрларды даярлау мәселелерін талқылады.
Іс-шараның ашылуы аясында «Жасанды интеллектіні енгізу арқылы еңбек қатынастарын реформалау» және «Кадрларды өндірістік бағытта даярлау» тақырыптары бойынша пленарлық сессия өтті. Конференция бағдарламасына сонымен қатар «Жастар және кәсіптер», «Қор тобының әлеуметтік бастамалары», «Үздік маман - практикалық жұмыстар», «Өндірістік қауіпсіздік», «Адами капиталды дамыту» және т. б. питч-сессиялар, шеберлік сыныптары мен панельдік сессиялар кірді.
Іс-шара салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды. «Богатырь Көмір» ЖШС жол монтері Берік Сапин «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамның құрметті қызметкері» құрметті атағына ие болды.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аппаратының басшысы Ерген Шалин, «Адам ресурстарын басқару» департаментінің директоры Зарина Қазақбаева, «Адам ресурстарын басқару» департаментінің бас менеджері Әйгерім Төлеулиева «Самұрық-Қазына» АҚ алғыс хаттарымен марапатталды.
Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің төрт студенті «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қолдауымен Генуя университетінде (Италия) тағылымдамадан өтті. Олардың қатарында Эльвира Жәнібекова, Әлнұр Зинелғабиден, Нұрдәулет Махсот, Серік Сәндібек бар.
Тағылымдама «АлЭС» АҚ мен Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ стратегиялық әріптестігі шеңберінде іске асырылып, энергетика саласы үшін білікті мамандар даярлауға бағытталды. Университетте оқуды аяқтағаннан кейін жас мамандар АлЭС станцияларында жұмыс істейтін болады.
Бағдарлама барысында студенттер газ турбиналық қондырғылардың құрылғысы мен жұмыс істеу принципіне байланысты пәндерді оқыды. Олар сондай - ақ Италияның энергетика саласындағы жетекші компаниясы - Ansaldo Energia-да өндірістік тәжірибеден өтті.
«Генуя университетінде біз газ турбиналы қондырғыларға, олардың құрылысына, жұмыс істеу принципіне және энергетикадағы заманауи үрдістерге қатысты пәндерді оқып, зерттедік. Бұл білім бізге кәсіби ой – өрісімізді кеңейтуге және энергетика саласында заманауи тәсілдерді қолдануымызға көмектеседі, - дейді студенттер. – Біз отандық кәсіпорында тәжірибе мен Еуропаның жетекші ЖОО-да оқуды ұштастырудың құнды тәжірибесін алдық. Бұл тәжірибе біздің кәсіби өсуімізге және Қазақстанның энергетика саласын дамыту үшін қажетті құзыреттерді қалыптастыруымызға ықпал ететін болады».
«Генуя университетінде оқу - энергетикадағы жаңа технологиялармен танысуға және шетелдік студенттермен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік. Мен бұл бағдарламаға қатысқаныма өте қуаныштымын», - деп пікірімен бөлісті Серік Сәндібек.
«Италияда оқу - бұл жаңа білім ғана емес, сонымен бірге үлкен өмірлік тәжірибе. Біз газ турбиналық қондырғылардың заманауи тәсілдерін зерттедік, зертханаларға бардық», - деп қосты Әлнұр Зинелғабиден.
«Самұрық-Энерго» АҚ Қытайдың Energy China компаниясымен серіктестікте Түркістан облысында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 300 МВт күн электр станциясын салуға кірісті.
Бүгін салтанатты рәсім аясында болашақ станция құрылысының басталуын білдіретін уақыт капсуласы салынды. Бұл Компанияның ұлттық энергия секторын жаңғыртуға және елдің оңтүстік өңірлерін энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған жаңартылатын энергетика саласындағы негізгі жобаларының бірі.
Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, Energy China басшылары, ҚХР-ның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хань Чуньлин, сондай-ақ Түркістан облысының басшылығы қатысты.
Тікелей алаңда құрылысты «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, China Energy Overseas Investment Company Директорлар кеңесінің төрағасы Лин Сяо Дань және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ресми түрде бастады.
Жоба компанияның «жасыл» генерация портфелін дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Құрылыс кезінде мынадай инновациялық шешімдер қолданылады: күнді бақылау механизмі бар жаңа буынның фотоэлектрлік панельдері, сондай-ақ генерацияның тұрақтылығын қамтамасыз ететін және электр энергиясын желіге беру тиімділігін арттыратын энергияны жинақтау жүйелері орнатылады.
Жобаны іске асыру қосымша жұмыс орындарын ашады, өңірге инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді және инфрақұрылымды дамытуға ынталандырады. Станция еліміздің күн объектілері арасындағы ең ірі қуаттардың біріне ие болады, бұл оңтүстік облыстардың энергия теңгерімін едәуір нығайтады.
«Самұрық-Энерго үшін бұл станцияны салу инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі болып табылады. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз», - деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов.
«Самұрық-Энерго» АҚ-да компаниялар тобының корпоративтік басқару, орнықты даму және ESG мамандарының жыл сайынғы стратегиялық кездесуі өтті.
Іс-шара 2025 жылдың қорытындысын шығару және 2026 жылға арналған басымдықтарды айқындау үшін негізгі кәсіби алаңға айналды.
Кездесуді аша отырып, Құқықтық қамтамасыз ету және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор Нұрлан Жапарханов «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы ішіндегі жүйелі өзара іс-қимылдың, тәжірибелер алмасудың және басқару процестерінің сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу аясында келесі жылға жалпы бағдарлар қалыптастырылып, компаниялар тобының адал басқару және орнықты өсу қағидаттарына бейілділігі расталды.
Талқылау барысында қатысушылар еңбек қауіпсіздігі, кадр әлеуетін дамыту, экологиялық жауапкершілікті арттыру және корпоративтік процестерді одан әрі жетілдіру мәселелеріне назар аударды.
Кездесу соңында мамандар қызметтің тұрақтылығын арттыруға, компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және басқаруда заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған 2026 жылға арналған бірлескен бастамаларды белгіледі.
«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы корпоративтік басқарудың тұрақты және тиімді моделін қалыптастыра отырып, ашық диалог пен кәсіби практикалармен алмасу мәдениетін дамытуды жалғастырады.