Самұрық-Энергодан тағылымдама: Алматы-Генуя

Самұрық-Энергодан тағылымдама: Алматы-Генуя

Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің төрт студенті «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қолдауымен Генуя университетінде (Италия) тағылымдамадан өтті. Олардың қатарында Эльвира Жәнібекова, Әлнұр Зинелғабиден, Нұрдәулет Махсот, Серік Сәндібек бар.

Тағылымдама «АлЭС» АҚ мен Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ стратегиялық әріптестігі шеңберінде іске асырылып, энергетика саласы үшін білікті мамандар даярлауға бағытталды. Университетте оқуды аяқтағаннан кейін жас мамандар АлЭС станцияларында жұмыс істейтін болады.

Бағдарлама барысында студенттер газ турбиналық қондырғылардың құрылғысы мен жұмыс істеу принципіне байланысты пәндерді оқыды. Олар сондай - ақ Италияның энергетика саласындағы жетекші компаниясы - Ansaldo Energia-да өндірістік тәжірибеден өтті.

«Генуя университетінде біз газ турбиналы қондырғыларға, олардың құрылысына, жұмыс істеу принципіне және энергетикадағы заманауи үрдістерге қатысты пәндерді оқып, зерттедік. Бұл білім бізге кәсіби ой – өрісімізді кеңейтуге және энергетика саласында заманауи тәсілдерді қолдануымызға көмектеседі, - дейді студенттер. – Біз отандық кәсіпорында тәжірибе мен Еуропаның жетекші ЖОО-да оқуды ұштастырудың құнды тәжірибесін алдық. Бұл тәжірибе біздің кәсіби өсуімізге және Қазақстанның энергетика саласын дамыту үшін қажетті құзыреттерді қалыптастыруымызға ықпал ететін болады».

«Генуя университетінде оқу - энергетикадағы жаңа технологиялармен танысуға және шетелдік студенттермен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік. Мен бұл бағдарламаға қатысқаныма өте қуаныштымын», - деп пікірімен бөлісті Серік Сәндібек. 

 «Италияда оқу - бұл жаңа білім ғана емес, сонымен бірге үлкен өмірлік тәжірибе. Біз газ турбиналық қондырғылардың заманауи тәсілдерін зерттедік, зертханаларға бардық», - деп қосты Әлнұр Зинелғабиден.