«Самұрық-Энерго» командасы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының мерейлі Х Cпартакиадасының қорытындысы бойынша үздік командалардың қатарынан көрінді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен бұл ауқымды спорттық шара 8–10 тамыз аралығында Астана қаласында өтті.
Спартакиадаға «Самұрық-Қазына» тобына кіретін 14 компанияның командасы қатысты. Бұл — Қазақстанның барлық өңірлерінен келген, негізінен өндірістік мамандық иелерінен құралған 1000-нан астам қызметкер.
Жарыстар 14 спорт түрі бойынша өтті, олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер қатысқан инклюзивті сайыстар — дартс және үстел теннисі де болды.
Х Cпартакиадада «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының атынан Корпоративтік орталық пен еншілес ұйымдардан құралған 97 спортшы қатысты. Олар жоғары биіктіктен көрініп, медаль алу үшін күресіп, энергияның тек жұмыста ғана емес, спортта да жойқын күш екенін дәлелдеді.
Спартакиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте «Самұрық-Энерго» құрамасы үшінші орынға ие болды. Энергетикалық холдинг спортшылары барлығы 11 медаль жеңіп алды: оның ішінде 3 алтын, 3 күміс және 5 қола.
Алтын медаль иегерлері: Еркін Құрманбаев (шахмат), Ульяна Хатаева (жүзу) және Әсия Құрманбай (жүзу).
Күміс медаль иегерлері: Индира Байжанова (армрестлинг), Татьяна Халикова (жүзу) және Галина Вида (дартс).
Қола медаль иегерлері: Талғат Дүскалиев (дартс), Гаухар Қожақова (жүзу), Жігер Тілеубеков (жүзу), сондай-ақ «Самұрық-Энерго» құрамасының баскетбол және арқан тарту командалары. «АЖК» АҚ электромонтері Алмас Қалиуллин баскетбол бойынша «Үздік орталық ойыншы» номинациясының жеңімпазы атанды.