АлЭС-тің 38 қызметкеріне жаңа пәтер кілттері табыс етілді

АлЭС-тің 38 қызметкеріне жаңа пәтер кілттері табыс етілді

Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да «АлЭС» АҚ қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті.

Компанияның тұрғын үй бағдарламасы — энергетиктерге деген шынайы қамқорлық пен еңбегі мен мамандығына адалдығы үшін алғыс білдірудің көрінісі. Бұл бағдарлама мамандарға ең маңызды өмірлік мәселенің бірі — өз баспанасына ие болуға мүмкіндік береді.

Барлығы 340 өтінімнің ішінен 38 қызметкердің тізімі жасақталды. Жаңа пәтерлер заманауи, жайлы инфрақұрылыммен қамтылған тұрғын үй кешендерінде орналасқан. Қоныстанушылардың арасында түрлі мамандық иелері мен бөлім қызметкерлері бар.

Жанармайды дайындау және тасымалдау цехының тепловоз машинисі Ақылбек Берішев 20 жылдан астам уақыт бойы жұмысқа Талғар қаласынан қатынап, күніне бес сағатын жолға жұмсап келген. «Енді пәтеріміз жұмысқа жақын. Бұл бүкіл отбасы үшін үлкен жеңілдік», — дейді ол.

«Энергоремонт» өндірістік-жөндеу кәсіпорнының металл және дәнекерлеу қызметінің дефектоскописі Алмас Ержиенов мамандығында 20 жыл еңбек етіп, сегіз бала тәрбиелеп отыр, олардың үшеуі қазір студент.

«Пәтер алуға мүмкіндік туғанына өте қуаныштымыз. Енді балалар өз үйінде тұратын болады», — дейді көп балалы әке.