Fitch Ratings агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның шетелдік және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «тұрақты» болжамымен «BB+» деңгейінде растады.
Рейтингтің расталуы Компанияның операциялық көрсеткіштердің жақсаруына және мемлекеттік қолдауға негізделеді. «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан жарғылық капиталға қаражат құюды жүзеге асыру және алдағы жылдарға арналған ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін борыштық міндеттемелер бойынша кепілдіктер беру жоспарлануда.
Агенттік мемлекеттік саясаттың рөлін «өте күшті» деп бағалайды. «Самұрық-Энерго» АҚ еліміздің ірі жұмыс берушілерінің бірі ретінде әрі мемлекет мүддесі үшін көптеген стратегиялық жобалардың жауапты орындаушысы бола отырып, Қазақстанда электр энергиясын өндірудің шамамен 34% және көмір өндірудің 40% қамтамасыз етеді.
Расталған рейтинг сондай-ақ операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған менеджменттің дәйекті әрекеттерін, тариф белгілеуді жақсарту жөніндегі іс-шараларды және электр энергетикалық станциялардың инвестициялық келісімдері бойынша қуатқа бекітілген жеке тарифтердің бар екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, компанияның несиелік портфеліндегі халықаралық қаржы институттарының үлесінің өсуі байқалады, бұл борыштық профильдің жоғары сапасын көрсетеді. Сонымен бірге, Агенттік «Самұрық-Энерго» АҚ қысқа мерзімді міндеттемелерін толық жабу үшін жеткілікті өтімділік пен қаражат көлеміне ие екенін көрсетеді.
«Самұрық-Энерго» АҚ мемлекеттің стратегиялық міндеттерін орындай отырып және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның энергетикалық секторындағы өзінің негізгі мәртебесін растауды жалғастыруда.