«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы XVI KAZENERGY Еуразиялық форум аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде сөз сөйледі

«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы XVI KAZENERGY Еуразиялық форум аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде сөз сөйледі

KAZAKHSTAN ENERGY WEEK-2025/XVI KAZENERGY Еуразиялық форумы аясында «Орталық Азия энергетика инфрақұрылымына инвестициялар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі спикерлерінің бірі ретінде «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов сөз сөйледі.

Қ.Мақсұтов өз сөзінде компанияның ел энергетика секторындағы маңыздылығын атап өтіп, қолданыстағы активтерді жаңғыртуға және маңызды бірқатар жобаларға, соның ішінде компания портфеліндегі үлесі жылдан жылға артып келе жатқан жаңартылатын энергия көздері саласындағы бастамаларға тоқталды.

«Бүгінде біздің компания елдегі жалпы генерацияның 34%-ын және көмір өндірудің 42% үлесін қамтамасыз етеді. Активтердің айтарлықтай бөлігі 40–50 жылдан бері пайдаланылып келеді, сондықтан ең алдымен қоршаған ортаға әсерді азайту үшін оларды жаңғыртудың маңыздылығын жақсы түсінеміз», — деп атап өтті Қайрат Мақсұтов.

Сонымен қатар ол жаңа генерациялайтын қуат көздерін салу, цифрлық шешімдер әзірлеу және энергия нысандарында жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарлары туралы ақпарат берді. Жобалардың қатарында апаттық жағдайларды болжауға және ЖЭК өндіруді болжауға мүмкіндік беретін болашақты талдау шешімдері бар.

Бұдан бөлек, компания ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға басымдық беріп, өзінің аналитикалық орталығын құруды жоспарлап отыр. Бұл қадам технологиялық тәуелсіздікті нығайтуға және энергетика саласында өзіндік сараптаманы қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болмақ.