Самұрық-Қазына басшысы Алматыдағы бу-газ станцияларының салыну барысын тексерді

Самұрық-Қазына басшысы Алматыдағы бу-газ станцияларының салыну барысын тексерді

Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов пен «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов Алматы ЖЭО-ға барды. 2-ЖЭО-да олар «АлЭС» АҚ-ның энергетикалық объектілерінің 2025-2026 жж. күзгі-қысқы кезеңге дайындығымен танысты. Негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу бойынша барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Станциялар күзгі-қысқы кезеңде сенімді әрі тұрақты электрмен және жылумен қамтамасыз етуге дайын. Алматы мен Алматы облысында жылу беру маусымы 8 қазанда басталды.

Сапар барысында қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, Алматы 2-ЖЭО-ны жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Делегация құрылыс алаңын аралап, жобаны іске асырудың ағымдағы жұмыстары туралы баяндаманы тыңдады. Объектіде газ турбинасы мен генератордың алғашқы жиынтығы орнатылған. Қазіргі уақытта алаңда құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүргізілуде және ағымдағы жылдың қазан айында газ турбинасы мен су жылыту қазандықтарының екінші жиынтығы орнатылатын болады. Станцияны толық пайдалануға беру 2026 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

Алматы қаласының экологиясын жақсарту және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов және «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов 2-ЖЭО аумағында ағаш отырғызу шарасына қатысты.

Сапардың келесі пункті «Алматы 3-ЖЭО-ны қайта құру» жобасының құрылыс алаңы болды. Мұнда қуаты 544 МВт бу-газ станциясын салу бойынша ауқымды жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда газ турбинасы мен генератордың алғашқы жиынтығын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жабдықтың екінші жиынтығы Италиядағы Ansaldo Energia өндірістік алаңдарында сынақтан сәтті өтті және Генуя қаласының портынан Қазақстанға жөнелтілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін газ турбинасы мен генератордың бірінші жиынтығын монтаждауды аяқтау жоспарлануда, сондай-ақ жаңа станцияның негізгі объектілерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғастырылатын болады.

Станцияларды тексеру аяқталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы АлЭС, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО және Батыс жылу кешені басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.

Энергетикалық нысандарды аралау қорытындысы бойынша Нұрлан Жақыпов инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңде АлЭС станцияларының сенімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.