«Самұрық-Энерго» АҚ «Еңбекті қорғау» департаменті еншілес және тәуелді ұйымдардың электр қондырғыларын пайдалануға жауапты цехтарының басшыларымен өндірістік объектілердегі электр қауіпсіздігі деңгейін арттыру мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді.
Жиын барысында электр қауіпсіздігі талаптарын сақтау қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі элементі болып табылатыны атап өтілді.
«Біз қауіпсіздіктің немқұрайлы қаралуына жол бере алмаймыз. Әрбір бұзушылық қызметкерлердің өміріне тікелей қауіп төндіреді. Біз талаптарды күшейтіп, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жеке жауапкершілік пен қосымша бақылау шараларын енгіземіз», - деп атап өтті «Еңбекті қорғау» департаментінің директоры Дүйсенбек Шардарбеков.
Қатысушылар ток соғу салдарынан болатын жарақат алу жағдайларының негізгі себептерін қарастырып, олардың алдын алу шараларын талқылады. Ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар үшін басшылардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ өндірістік жарақат алудың алдын алуға бағытталған проактивті тәсілдерді енгізуге ерекше назар аударылды.
Қызметкерлердің қауіпсіздігіне «Самұрық-Энерго» АҚ ерекше басымдық беретіні сөзсіз. Компания кәсіпорындарда ток соғу салдарынан болатын жарақат алу жағдайларын одан әрі азайту үшін қорғау шараларын жетілдіруді жалғастырады.


