«Самұрық-Энерго» АҚ 2025 жылдың 10 айындағы өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы жұмыстарды қорытындылады. «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов еншілес ұйымдардың бірінші басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.
Компания басшысы өндірістік жарақаттану деңгейінің тұрақты төмендеп, еңбекті қорғау жүйесінің дәйекті түрде нығайғанын атап өтті. Компаниялар тобында қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға, бұзушылықтарға нөлдік төзімділік мәдениетін дамытуға және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шаралар кешені іске асырылуда. Нәтижесінде, осы жылдың басынан бері компаниялар тобында өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 еседен аса азайды.
Кеңесте ерекше режим бойынша іс-шаралар жоспарын іске асыру қорытындысы шығарылды, сондай-ақ бұрын берілген тапсырмалардың орындалу нәтижесі қаралды.
«Самұрық-Энерго» АҚ қауіпсіздік мәдениетін әрі қарай нығайту, жасанды интеллектіні қолдана отырып инновациялық тәсілдерді енгізу және басқарудың барлық деңгейлерінде еңбекті қорғауға жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыруды жалғастыруда.


