«Самұрық-Энерго» АҚ-да отандық өндірісті дамытуға және жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті. Қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор Асқар Балтабаев компанияның сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша нәтижелері мен жоспарлары туралы айтып берді.
2024 жылы 140,7 млрд теңгеге елішілік құндылығы 62% немесе 87,2 млрд теңге болатын тауарлар бойынша шарттар жасасу жоспарланған болатын. Іс жүзінде үлес 73%-ды немесе 102,7 млрд теңгені құрады.
2025 жылға 74% елішілік құндылық үлесімен 199,5 млрд теңге сомасына тауарларды жеткізу бойынша шарттар жасасу болжанып отыр. Елішілік құндылығы бар тауарлар көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 44%-ға артқанын айта кету керек. Бұл отандық өндірушілердің сатып алу жүйесіне қатысуы тұрақты өскенін және кеңейгенін растайды.
Сондай-ақ, компания офтейк-келісімшарттар бойынша жоспардан асып түсті: 2024 жылы 10,2 млрд теңгеге 41 келісімшарт жасалды. 2025 жылы қазірдің өзінде 24 млрд теңгеге 22 келісімшарт жасалды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 135% - ға артық.
Дөңгелек үстел аясында «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС мен «Экотек Инжиниринг» ЖШС арасында 117,3 млн теңге сомасына кері осмос орнату үшін мембраналарды жеткізуге офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Сондай-ақ, іс-шара аясында В2В-кездесулер өтті, онда отандық өндірушілердің сатып алуға қатысуы бойынша негізгі мәселелер талқыланды.
«Самұрық-Энерго» АҚ отандық өндірісті қолдау және жергілікті өнім берушілермен әріптестікті нығайтуды жалғастыруда.