Самұрық-Энерго мен TotalEnergies компаниясы  энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясын салады

Самұрық-Энерго мен TotalEnergies компаниясы  энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясын салады

Алдағы Астана Халықаралық Форумы аясында Қазақстанға TotalEnergies компаниясының өкілдері – жобаларды дамыту жөніндегі вице-президенті Делфин Мерль мен TotalEnergies Renouvelables France бас директоры Тьерри Мюллер келді.

Сапар барысында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов француздық TotalEnergies энергетикалық компаниясы басшылығымен кездесу өткізді. Тараптар қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жобасын іске асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан «Мирный» жобасының іске асу барысы қаралып, 2025 жылы жоспарланған негізгі іс-шаралардың маңыздылығы атап өтілді. Атап айтқанда, биыл жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталып, негізгі жабдықтарды жеткізушілермен және бас мердігермен келісімшарттар жасалмақ. Келіссөздер барысында жабдықты жергіліктендіру, өндірістік кооперация, сондай-ақ тұрақты пайдалану мен техникалық қызмет көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Аталған жоба Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы аясында және 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға дейін ұлғайту мақсатында жүзеге асырылуда. Жоба Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Үкіметаралық келісім аясында анықталған басым жобалар тізбесіне енгізілген.

Тараптар жобаны уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруға өзара мүдделілік білдіріп, оның орнықты даму мен Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық энергетикалық әріптестікті нығайтудағы ерекше маңызын атап өтті.