«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз энергия торабына барды. Олар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысып, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қайрат Мақсұтов пен Асайын Байханов Екібастұзға жұмыс сапары барысында күзгі-қысқы кезеңнен өту және алдағы жөндеу науқанына дайындық мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ оларға негізгі инвестициялық жобаларды іске асырудың ағымдағы жай-күйі таныстырылып, №3 энергия блогын жаңғырту мен Екібастұз 1-МАЭС энергия блоктарын цифрландыруды қоса алғанда, дамудың перспективті бағыттары талқыланды.
Самұрық-Энерго басшысы мен өңір әкімі 1-МАЭС құрылыс алаңында болып, жаңа түтін құбырының салыну барысымен танысты. Қазіргі уақытта негізгі қадаларды бұрғылау жұмыстары аяқталды, түтін құбырының іргетасы белсенді түрде салынуда.
Самұрық-Энерго Басқарма Төрағасы Екібастұз 2-МАЭС станциясынада барып, №3 энергия блогын салу арқылы станцияны кеңейту және реконструкциялау жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысты.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қайрат Мақсұтов пен Асайын Байханов өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және қолжетімді тұрғын үй жобаларын іске асыруға бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде Самұрық-Энерго Екібастұзда Қоғам компаниялары тобының қызметкерлері үшін көппәтерлі тұрғын үй, екі балабақша, спорт кешені, Екібастұз ЖЭО аумағында модульдік әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салуды жоспарлап отыр. Жаңа әлеуметтік нысандардың жалпы құны - 20 млрд теңгеге жуық. Сонымен қатар, Компания экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жыл сайын қаланы көгалдандыруға 100 млн теңге бағыттамақ.
Самұрық-Энерго әлеуметтік бастамаларын іске асыру станция қызметкерлерінің өмір сүру сапасын арттыруға, жас отбасыларды қолдауға, қаланың инфрақұрылымын және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ өңірдің кадр әлеуетін нығайтуға бағытталған.




