Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонидің Қазақстанға ресми сапары аясында «Самұрық-Энерго» АҚ пен SACE S.p.A. өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. SACE S.p.A. – Италия Экономика және қаржы министрлігінің қарамағындағы сақтандыру және қаржы тобы.
Аталған құжат электр энергетикасы саласындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға және компаниялар арасындағы өзара тиімді әріптестіктің мүмкіндіктерін айқындауға бағытталған. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етпек.
«Біз бұл меморандумды бірлескен жобаларды іске асыру мен инвестициялар тартуға арналған нақты құрал ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ бұл құжат Қазақстанның аймақтағы Италия үшін сенімді энергетикалық әріптес ретіндегі позициясын күшейтуге септігін тигізеді», – деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов.
Меморандум «Самұрық-Энерго» АҚ-ның инвестициялық жобалары шеңберінде экспорттық кредиттерді сақтандыру тетіктері мен италиялық компанияларға, оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өзге де кепілдік түрлерін қолдану бағытындағы ынтымақтастықты көздейді.
Кепілдік қолдаудың болжамды көлемі 300 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін.