«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов пен «Самұрық-Энерго жергілікті кәсіподағы» ҚБ Төрағасы Оразбек Бекбас 2025 жылдан 2027 жылға дейін қолданыста болатын жаңа Ұжымдық шартқа қол қойды. Жаңа құжат тараптардың әлеуметтік серіктестікті нығайтуға, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге және еңбек жағдайларын жақсартуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Маңызды жаңалықтардың бірі алдағы үш жылға арналған Салалық келісімнің ережелерін ескере отырып, Ұжымдық шарт жасасу негіздерін кеңейту болды. Бұл саланың ерекшелігін неғұрлым дәлірек ескеруге және қызметкерлерге қосымша кепілдіктер беруге мүмкіндік береді.
Ұжымдық шарттың қолданылу ережелері, оның ішінде қызметкерлердің қосылу тәртібі, дауыс беруге қатысу және шешім қабылдау шарттары нақтыланды, бұл процесті барлық тараптар үшін ашық әрі түсінікті етеді.
Жаңа шартта келіспеушіліктерді шешу мәселелері маңызды орын алады. Дауларды реттеу нормалары мен тетіктері енгізілген. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда арнайы комиссия құру, сондай-ақ үшжақты комиссияға жүгіну мүмкіндігі көзделген. Бұл даулы жағдайларды әділ қарауға қосымша кепілдіктер береді.
Шартта әлеуметтік кепілдіктерге ерекше назар аударылған. Шартқа қосымша демалыс беру, инфляция деңгейіне сәйкес жалақыны индекстеу, сондай-ақ еңбекті қорғау шаралары туралы ережелер енгізілген. Қызметкерлердің сауығуын қаржыландыруға, олардың демалысы мен бос уақытын ұйымдастыруға қатысты ережелер кеңейтілді. Сондай-ақ, еңбек жағдайлары мен еңбек құқықтарын сақтауды қоса алғанда, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралар күшейтілді.
Жаңа Ұжымдық шартқа қол қою корпоративтік мәдениетті дамытудағы және жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы диалогты нығайтудағы маңызды қадам болып табылады.