«Самұрық-Энергоның» құрама командасы Еңбекшілердің республикалық салааралық спартакиадасында үздік атанды

2019 жылғы 7-8 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Еңбекшілердің республикалық салааралық бірінші спартакиадасы өтті. Спорттық ивентте бас қосқан 12 құрама команданың өкілдері спорттың шахмат, тоғыз құмалақ, армрестлинг, үстелдегі теннис, мини-футбол, волейбол секілді алты түрінен өткен жарыстарға қатысты.

Еңбекшілер спартакиадасында «Самұрық-Энерго» АҚ-ның құрама командасы Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының намысын қорғады. Команданың құрамына «Алатау Жарық Компаниясы», «Богатырь Көмір», «Алматы электр станциялары» АҚ, «Мойнақ СЭС» АҚ, «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ секілді кәсіпорындардың жұмыскерлері кірді.

Энергетиктер үстелдегі теннис, волейбол, армрестлинг секілді спорт түрлерінен жеңімпаз атанып, мини-футболдан, шахматтан, тоғыз құмалақтан екінші жүлделерді алды. Ақтық ойындар өте қызықты, тартысқа толы өтті.

Жалпы командалық есепте Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы бірінші орынды жеңіп алып, Еңбекшілердің республикалық салааралық бірінші спартакиадасының алғашқы чемпионы атанды.

Осы спорттық іс-шараны ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің сөзінше, бұл ойындар кәсіби одақтардың жаңадан құрылған «Еңбек» атты ерікті спорттық қоғамының тырнақалды ойындары болды.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары: «Еңбек» қоғамының жұмысы барған сайын қарқын алары сөзсіз, бүгінгі Еңбекшілер спартакиадасы соған айқын дәлел. Әрине, 22 салалық кәсіподақтың командалары жарысқа түгел қатысқаны жөн болар еді. Өйткені спорт еңбекшілердің басын біріктіріп қана қоймай, оларға денсаулық та береді». 

Еңбекшілер спартакиадасының ашылуы мен жабылуы елорданың жаңадан құрылған көрікті нысандарының бірінде – Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрда өтті. Мұнда өздерінің әріптестерін қолдауға «Самұрық-Энерго» АҚ  басшылығының өкілдері мен Корпоративтік орталықтың қызметкерлері келді. Жарыс жеңімпаздарын кәсіподақ лидерлері және бокстан олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов құттықтады.

«Самұрық-Энерго» жергілікті кәсіподағының өкілдері мен «Самұрық-Энерго» АҚ Әкімшілік департаментінің менеджері Азамат Болатов жаттығуларды ұйымдастыру, спорттық киім-кешек алып беру, қонақ үйге жайғастыру, көлікпен алып жүру, тамақтандыру секілді көп мәселелерді уақтылы шешіп, спортшы-энергетиктердің спартакиадаға дайындалуына қыруар көмек көрсетті, және сол арқылы команданың жарысқа жетуіне елеулі үлес қосты.

 

Дәмір Айдаров.

Фото автордікі