«Самұрық-Энерго» АҚ Дубайда COP28-де «жасыл» жобаларды таныстырды.

«Самұрық-Энерго» АҚ Дубайда COP28-де «жасыл» жобаларды таныстырды.

news se 061223 2

Қазақстандық ірі электр энергетикалық холдинг – «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері осы күндері БАӘ астанасы Дубай қаласында өтіп жатқан БҰҰ – COP28 халықаралық климат жөніндегі саммиттің жұмысына қатысты. Конференцияның негізгі міндеті – адамзаттың Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолындағы жетістіктерін талдау.

Жаһандық конференция аясында Орталық Азия елдері үшін «Орнықты дамуға және климаттың өзгеруіне төзімділік үшін салынатын инвестициялар» атты жеке таныстырылымдық бағдарлама (Жасыл питчинг) өтті. Оны БҰҰДБ және АХҚО бірлесіп ұйымдастырды. Осы іс-шарада Қазақстан Республикасынан «Самұрық-Энерго» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Алмасби Камалов баяндама жасады. Қазақстандық спикер «Самұрық-Энерго» Компаниялар тобында көмір жылу электр станцияларын қаржы құралдарын (орнықты дамуға байланысты облигацияларды) пайдалану арқылы газға ауыстыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

news se 061223 2

Алмасби Камаловтың айтуынша, 2016 жылы Қазақстан парниктік газдар шығарындыларының көлемін азайтуға бағытталған Париж келісімін ратификациялады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2022 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Энергияға көшу бағдарламалары бекітілді. Бағдарламалар 2032 жылға қарай СО2 шығарындыларын кезең-кезеңмен төмендетуді және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейді.

Спикер атап өткендей, Энергияға көшу бағдарламасын іске асыру үшін Қазақстанда ресурстар жеткілікті. Мысалы, елдің оңтүстік өңірлеріндегі күн энергиясының әлеуеті жылына 3 000-ға жуық күн сағатын құрайды, бұл әлемнің ең шуақты елдерімен бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.  Қазақстанның су әлеуеті 62,6 млрд кВтсағатқа бағаланады, бұл елдегі қазіргі тұтынудың шамамен 55%-ын құрайды (Қазақстанның жалпы су әлеуеті шамамен жылына 170 млрд кВт/сағатқа бағаланады, іске асыруға техникалық тұрғыдан мүмкін болатыны - 62 млрд). Қазақстанда жел энергетикасының әлеуеті жылына 1,8 трлн. кВт сағат, бұл Қазақстанның ағымдағы тұтынуынан шамамен 16 есеге көп.

«Осы ресурстарды пайдалана отырып, біз 2030 жылға қарай стратегиялық инвесторлармен 4 ГВт жел электр станциясын, 1 ГВт күн электр станциясын, 1,7 ГВт су электр станциясын салу бойынша ЖЭК жобаларын іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ өкілі.

news se 061223 2

Алмасби Камалов өз сөзінде Алматы ЖЭО-ны газға көшіру жобасына егжей-тегжейлі тоқталды. Ол экологиялық жағдайға, елдің 2 миллион халқы бар оңтүстік астанасындағы аурушаңдыққа байланысты проблемалар туралы айтты.

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарушы директорының айтуынша, бүгінде компания іске асырып жатқан жобалар өңірдегі әлеуметтік және экологиялық маңызы бар жобалар болып қана қоймай, елдің энергия тапшылығы проблемасын шешуге де бағытталған. ЖЭО-ны жаңғырту жобалары енгізілгеннен кейін және жаңа станциялар пайдалануға берілген соң сарапшылардың бағалауы бойынша парниктік газ шығарындылары 28% - ға, ал зиянды заттар эмиссиясы 92% - ға азаюы тиіс. Бұл ретте Қазақстан өкілі объектілерді іске қосқаннан кейінгі мультипликативтік әсерлерді атап өтті. Мысалы, шын мәнінде, жаңа ЖЭО-3-ті енгізу 500 МВт жасыл энергетиканы реттеуге мүмкіндік береді.

Алматы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жобасы туралы айта келе, Алмасби Камалов бүгінгі күнге дейін жобаны іске асыру шеңберінде даму банктерімен кредиттік келісімдер жасалғанын атап өтті. Қалалық ЖЭО-3 жобасы бойынша орнықты дамумен байланысты облигацияларды (Sustainability-linked bonds) шығару процесі жүріп жатыр. Қаржыландыру сомасы - шамамен 500 млн. доллар.

 БҰҰ халықаралық климат жөніндегі саммитіндегі Green Pitching ынтымақтастықты дамытуға, Орталық Азияның жасыл және тұрақты болашағы үшін инновациялар мен инвестицияларды ынталандыруға бағытталған. Көрмеге жаңартылатын энергетика, су ресурстарын басқару, тұрақты ауыл шаруашылығы және экотуризм сияқты әртүрлі секторлардағы жобалар қойылған, олар климаттың өзгеруінің әсерін азайтып қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азия халқының өмір сүру сапасын да жақсарта алады.