Самұрық-Энерго басшысы көмір ЖЭО салу туралы үкіметаралық келісімге қол қою рәсіміне қатысты

Самұрық-Энерго басшысы көмір ЖЭО салу туралы үкіметаралық келісімге қол қою рәсіміне қатысты

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетика Министрліктері арасындағы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Келісімге ҚР Энергетика Министрі Алмасадам Сәтқалиев пен РФ Энергетика Министрі Николай Шульгинов қол қойды. Құжатқа қол қою бейнеконференция байланысы арқылы жүргізілді.

Келісім тараптардың негізгі міндеттемелерін, жобаларды іске асыру кезеңдерін, жаңа жылу станциялары үшін шығарындылар бойынша экологиялық талаптарды және қаржыландыруды тарту шарттарын айқындайды.

«Энергетикалық көмірдің мол қорын ескере отырып, үш облыс орталығында, Семей, Көкшетау және Өскеменде үш жаңа ЖЭО салу өңірлердің одан әрі дамуына қуатты серпін береді», - деп атап өтті ҚР Энергетика Министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Тараптардың әрқайсысынан жобаларды іске асыру жөніндегі уәкілетті ұйымдар болып «Самұрық-Энерго» АҚ және «ИНТЕР РАО – Экспорт» ЖШҚ белгіленді.

2023 жылғы 9 қарашада Қазақстан мен Ресей мемлекеттері басшыларының кездесуі аясында ҚР және РФ энергетика Министрліктері арасында меморандумға қол қойылғанын естеріңізге сала кетейік. Меморандумды орындау аясында Жол картасын әзірлеу және жобаларды іске асырудың негізгі шарттарын айқындау үшін жұмыс тобы құрылды.