Екібастұзда 500 кВ қуатты ашық тарататын құрылғы жаңғыртылды

Екібастұз мемлекеттік аймақтық электр стансасы жаңғыртудан өткен 500 киловольттық ашық тарататын құрылғыны іске қосты

Екібастұзда 500 кВ қуатты ашық тарататын құрылғы жаңғыртылды

Екібастұз мемлекеттік аймақтық электр стансасы жаңғыртудан өткен 500 киловольттық ашық тарататын құрылғыны іске қосты.

Алты жоғары кернеулі желіні жалғайтын маңызды жоба еліміздің энергожүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Оның құны шамамен 18 млрд теңге. Атап өтерлігі, модернизациялау жұмыстары кәсіпорынның өз қаражатына жүргізілді. 

Екібастұз мемлекеттік аймақтық электр стансасындағы 500 киловольт қуатты ашық таратқыш құрылғысы 80-жылдары қолданысқа берілген. Содан кейін алғаш рет жөндеу жұмыстары 2012 жылы басталды. Жаңа электргаз өшіргіштер мен ажыратқыштар орнатылып, энергоблоктарға сапасы жоғары кабельді желілер тартылды. Толық күрделі жөндеуден өткен жоба Қазақстанды энергияға деген тәуелділіктен арылтады.

Қараменде Омарбеков, электр стансасы бас инженерінің орынбасары:

- Бұл жоба қазір түгелі жұмысқа қосылды. Жабдықтарының бәрі ауыстырылды. Қазір өшіргіш, трансформатор, бәрі ауысты. Қазір істеп тұрған ОРУ-500 киловольттің бәрі жаңа бөлшектермен қамтамасыз етілген.

Электрстансаның қуаттылығы – 3500 мегаватт. Елімізде электр қуатын тұтыну деңгейінің төмендеуіне баланысты әзірге 1500 мегаватпен шектеліп отыр. Алайда жаңа өндіріс нысандары іске қослып жатыр. Мәселен, Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты мен станса маңында бой көтерген бірнеше кәсіпорын электр қуатын осы стансадан алады.

Рысқан Свамбаев, электр стансасының бас директоры:

- Тұтынушылар қатары ақырындап артып келеді. Бүгінге дейін Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты 20-40 мегаватт тұтынып келсе, енді 101 мегаватқа жетті. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 180 мегаватқа жетеді. Өйткені кәсіпорын толық жұмыс қуатына көшкелі отыр. Біз тұтынушылармен алдын ала келіссөздер жүргіземіз.

Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 15%-ы осы Екібастұз мемлекеттік аймақтық электр стансасына тиесілі. Бүгінде стансада 4 энергоблок жұмыс істейді. Тағы 3 энергоблок резервке қойылған.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий, 24.kz

2016.12.07
2016.12.09

Әзірленді: Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng