«Самұрық-Энергоның» қызметкері бразилиялық джиу-джитсудан Master International Asia Championship шебері атанды

Ойрат Махметов – бұл турнирде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық.

«Самұрық-Энерго» АҚ «Стратегиялық жоспарлау және экономикалық талдау» департаментінің бас менеджері Ойрат Махметов «Master International Asia 2019  IBJJF Jiu-Jitsu Championship» турнирінде бірінші орынды жеңіп алды. Бұл беделді турнир Токиода 16 маусымда өтті. Ойрат Махметов салмағы 80 килограмм көк белбеулер арасындағы шеберлер дивизионында өнер көрсетті.  «Алтын» жүлдеге әкелген жол оңайға соққан жоқ. Финалға жолдама беретін күресте ол Кенияның өкілі Ewere Kenny Eboigbeден басым түсті. 

«Жартылай финалда маған психологиялық тұрғыдан қиын болды. Өйткені, осы жекпе-жектен бір күн бұрын мен Кениялық палуанмен басқа бір турнирде шешуші айқаста кездесіп, қарсыласым жеңіске жеткен болатын, ал мен «күмісті» олжаладым. Бірақ бұл жолы қарымта қайтардым», – деп қуанышымен бөлісті Ойрат Махметов.

«Master International Asia 2019  IBJJF Jiu-Jitsu Championship» финалында қазақстандық спортшы тұманды Альбионның өкілі Justin Nelsonмен кездесіп, 7:0 есеппен айқын жеңіске жетті. Осылайша Ойрат Махметов бразилиялық джиу-джитсудан  Master International Asia Championship шебері атанған алғашқы қазақстандық болды.

Азия чемпионатынан тыс, Жапонияның астанасында өткен тағы бір турнирде – «Tokyo IBJJF Jiu-Jitsu International Open 2019» турнирінде Ойрат Махметов кениялық Ewere Kenny Eboigbeден жеңіліп, «күміс» жүлдені иеленді, сондай-ақ чемпионаттың жеңімпаздары ғана қатыстырылатын абсолютті салмақта қоланы жеңіп алды. 

«Джиу-джитсу» ұрыс өнері Жапониядан бастау алады, сондықтан бұл жекпе-жектің отаны саналатын елде чемпион атанудың маңызы ерекше», – деп есептейді   Ойрат Махметов.

«Бразилиялық джиу-джитсу – спорттың өте ақылды түрі. Жеңіске жету үшін мың түрлі айла-тәсілді білуің керек. Бұл да бір шахмат ойыны секілді, айырмашылығы – шаршы кілемде күресесің. Джиу-джитсудың арқасында ой-өрісің кеңейіп, денең шынығады. Айта кету керек, Жапониядағы турнир өте жоғары деңгейде өтті. Арманым – әрі қарай шеберлігімді шыңдап, бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеуге қол жеткізу», – деді «Самұрық-Энергоның» өкілі.

Жапонияда өткен жарыстарға Ойрат Махметовпен бірге қатысқан ағалары  Айдар Махметов пен Дархан Кәкенов те өздерінің салмақтары мен дивизиондарында жүлдегер  атанды. Дәстүр бойынша ағайындылар «Max team» – команда ретінде қатысады.  

Айта кетейік, 2019 жылғы 15-16 маусымда Жапонияның астанасында әлемнің 30 елінен келген мыңға жуық бразилияқ джиу-джитсу шеберлері бас қосты.

Сабина Кожатаева,

Үкіметпен байланыс және коммуникациялар офисі

2019.06.24
2019.06.25

© 2009-2018 «Самұрық-Энерго» АҚ

Сайтты дамыту Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng