Алматы қаласының энергоқауіпсіздігін нығайтқан жоба аяқталды

file 2

Алматыда төтенше жағдайлар туындататын және электр энергиясының апаттық жағдайда сөндірілуіне әкеліп соқтыратын қауіп-қатер толығымен жойылды. «Самұрық-Энерго» электр энергиясы холдингінің Алматы энергия кешеніне қарасты «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жүктемені «Горный гигант» станциясынан қайта жаңартылған «Ерменсай» қосалқы станциясына ауыстыру жобасын аяқтады.

Атап өткен жөн, қаланың жоғарғы бөлігінде, тау бөктерінде орналасқан «Горный гигант» қосалқы станциясы арқылы Алматы қаласының Бостандық, Медеу аудандарындағы, Әуезов және Талғар аудандарының бір бөлігіндегі тұрғын үйлер мен өнеркәсіп нысандары электр қуатымен қамтамасыз етілді. Бұл қаладағы тозығы жеткен электр қондырғыларының бірі саналады. Сонымен қатар трансформаторларға түсетін жүктеме өте жоғары деңгейде болғандықтан, жаңа тұтынушыларды қосу мүмкіндігі жоқ еді. 2016 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқармасы және Инвестициялық-инновациялық кеңесі электр қуатының беріктігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жобаның инвестициялық кезеңін іске асыруды мақұлдады. Құрылыстың жалпы құны 6,7 млрд теңгені құрады.

Жоба аясында «Ерменсай» шағын станциясынан 40 шақырымға жуық кабель желілері орнатылды және іске қосылды. «Горный гигант» қосалқы станциясының тұтынушыларын «Ерменсай» шағын станциясына қосу үшін ұзындығы 11 шақырымнан асатын екі әуе желісі қайта құрастырылды, электр энергиясын қабылдауға, бөлуге және таратуға арналған жоғары вольттік қондырғы кеңейтілді және қайта жаңартылды. Сонымен бірге энергияны есептеу жүйелері, апаттарға қарсы автоматтандырылған құрылғылар және реле қорғанысы қондырғылары қосымша орнатылды.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, бұған дейін 220/110/10кВ «Горный гигант» қосалқы станциясына қосылған тұтынушылар, оның ішінде «Самал», «Қазақфильм», «Бағанашыл», «Таугүл» шағын аудандарының тұрғындарын және т.б. қоса алғанда, 220/110/10 кВ «Ерменсай» жаңа қосалқы станциясына ауыстырылды.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов атап өткендей, жобаның сәтті аяқталуы ықтимал апаттардың алдын-алды. Сонымен бірге оңтүстік астананы электр қуатымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырып қана қоймай, жаңа тұтынушылардың қосылуына кедергі келтірген мәселені шешуге және таратылатын электр қуатының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Компания басшысының сөзінше, жүктемені ауыстыру жұмыстары аяқталған соң, «Горный гигант» қосалқы станциясының алаңында оны бөлшектеу процесі басталды.

Бүгінгі таңда «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ 2016-2020 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарламадағы жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Соның ішінде 220/110/10 кВ №7 «АХБК" қосалқы станциясын қайта құру, 110/10 кВ "Көкөзек" қосалқы станциясының құрылысын бастау, Алматы қаласының Түрксіб, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Алатау аудандарындағы желілерді қайда жөндеу қарастырылған. 

Атап өткен жөн, 2018 жылғы маусымда Алматы қаласында «Түрксіб» (бүгінде – «Жас Қанат») қосалқы станциясы іске қосылған болатын. Бұл нысанды іске қосу арқылы «Самұрық-Энерго» АҚ 2008 жылы басталған Алматы қаласын энергетикалық қайта жарақтандыру бағдарламасын аяқтады. Жаңа қосалқы станция трансформаторлық қуаттылықты 30 МВА арттырып, Түрксіб ауданының орталық бөлігі мен «Жас Қанат» шағын ауданын электр қуатымен қамтамасыз етті.  

Анықтама:

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ – Алматы қаласы мен Алматы облысындағы электр желілерінің сенімді жұмыс істеуін және тиімділікпен дамуын қамтамасыз етіп отырған энергия беруші аса ірі өңірлік компания. «Самұрық-Энерго» холдингінің құрамына кіреді.

 

«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі.  2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.   

______________________________________________________________

«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар офисі 

Тел: (7172) 55-30-62; Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. 

2019.02.22
2019.02.22

© 2009-2018 «Самұрық-Энерго» АҚ

Сайтты дамыту Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng