Басшының жақсы көңіл-күйі ұжым үшін маңызды

Бүгінде Александр Иосифовичтің Нагель қол астында 53 адам еңбек етеді

"Ең жасы кішісі мен едім, енді ең қариясымын"- деп әзіл-шыны аралас өзінің Тау-кен көлік жабдығын жөндеу зауытындағы еңбек жолын қысқаша сипаттайды Жөндеу дирекциясына қарасты жөндеу-механикалық учаскесінің бастығы Александр Иосифович Нагель.

Осыдан отыз жыл бұрын, тау-кен техникумын аяқтағаннан кейін ол кенішке келіп, қатардағы слесарь болып жұмысқа орналасты. Кейін келе экскаватор цехының жедел жөндеу бригадасының ұстасы болды, ал 34 жасында оған учаскені басқару сеніп тапсырылды.

«Сенім үдесінен шыға аламын ба, деп бастапқыда қобалжумен болдым. Күтпеген жерден мойныма түскен жауапкершілік жүгі жеңіл емес еді. Бас инженер Генрих Гаардың: «Барасын, жұмыс істейсін. Сен оқыдың, бәрін де білесің. Дипломды ақтау керек» деген сөздері бойыма сенім ұялатты. Үш ай өтілден өткен соң, бастық болып тағайындалдым», - деп есіне түсіреді А.Нагель.

Бүгінде Александр Иосифовичтің қол астында 53 адам еңбек етеді. Іскер басшының арқасында олардың бәрі де алған нарядтарын ұқыпты әрі уақтылы орындайды. Олардың әрбірі үшін ол жұмыста болсын, үй шаруасында болсын, әрі дос, әрі көмекші болуға тырысады. Әріптестері А.Нагель туралы айтқанда, дана, ақкөңіл, әзілкеш адам ретінде ерекше жылылықпен, ізет білдіре сөйлейді. Жөндеу-механика учаскесінің бастығы айналадан тек жақсылық нышанын көре біледі, тіпті өзінің күнделікті өміріндегі қызық жәйтті жіті байқап, соны күлкілі етіп әңгімелеп те береді.

«Бірде зауытқа институт бітірген слесарь-электрші шәкірт болып орналасты. Оған тәлімгер бекітілді. Әлгі шәкірт жұмыс істейтін бригадаға электр қозғалтқышты вентилятордан ағытып алу туралы наряд берілді. Ағытып алып, цехқа әкелген соң, шәкіртке қозғалтқыштың болттарын босату тапсырылды. Үшеуін босатып, төртіншісіне шамасы жетпей жатқанын көрген әріптестері оған болтты «үріп жіберу керек» деп кеңес береді. Біздің тілімізде бұл кесіп тастау дегенді білдіреді. Әлгі шәкірт болса сығылған ауамен болтты үргілеп әлекке түсті. Бәріміз шек-сілеміз қатып күлдік, жаңағы жігіт те қосыла күлді», - деп әңгімеледі А.Нагель.

Өткен айда Александр Иосифович өзінің 60-қа толғанын мерекеледі. Бірақ көңілі әлі де жас. Мүмкін, бұған сегіз жасар ұлы Павел себепкер шығар. Балақайдың аңсағаны – танымал блогер болу, сонда «жұмыс істемесең де ақша өздігінен келіп жатады». Баяғыда бала кезінде әкесі көлік жүргізушісі болуды армандаған. Себебі де ұқсас болатын: «Жүргізушілер күні бойы көлікпен сайрандап жүреді, ал оларға сол үшін ақша төлейді деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе, «Екібастұзкөмір» трестіне қарасты қалалық автобазада жүк көлігінің жүргізушісі болып істеп жүріп, көзім жетті. Басқа кәсіптердің бәрі секілді, бұл жұмыста да төзімділік, сабырлылық, үлкен жауапкершілік қажет. Зайыбым Татьяна Александровна екеуміздің еңбек жолымыз осындай сәтті болғанына қуаныштымын».

Марина ПОНКРАТОВА

Фото Олег МАЛЬЧУК

2018.11.09
2018.11.12
  • Қаз
  • Рус
  • Eng