«Богатырь Көмір» келбеті: Тұрсынбаевтар еңбек династиясының негізін қалаушы

«Богатырь Көмір» келбеті: Тұрсынбаевтар еңбек династиясының негізін қалаушы

«Еңбек даңқы» төсбелгісінің кавалері, Тұрсынбаевтар еңбек династиясының негізін қалаушы Сейфола Хайроллаұлы Тұрсынбаев көмір өнеркәсібінде отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Қарапайым кеншілер отбасынан шыққан, майдангердің ұлы Сейфола Хайроллаұлы үшін көмір өнеркәсібінде жұмыс істеу өмірінің мәніне айналды.

Сейфола Хайроллаұлының ата-анасы ұзақ жылдар бойы «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінде еңбек етті. Әкесі Хайролла Тұрсынбаев әуелі экскаватор машинисті, кейіннен құрал-сайманшы болып, ал анасы Бибінәзия Захретдиновна – «Центральный» кенішіндегі шахтада компрессоршы болып жұмыс істеді. Екеуі де «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінен құрметті зейнет демалысына шықты.

Сейфола Хайроллаұлының еңбек жолы № 163 кәсіптік-техникалық училищеден (бүгінде К. Пшенбаев атындағы тау-кен техникалық колледжі) бастау алады. Екібастұздағы кадр дайындайтын бұл «қара шаңырақта» сол тұста болған мамандықтар тізбесінен жас жігіт өзіне «Ауыспалы токтағы тартқыш агрегаттың машинисті» мамандығын таңдады. Оның үстіне, өзі де Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасында тепловоз машинисті болып істейтін көршісі Александр Григорьевич Черненко осы мамандықты игеруге қайта-қайта кеңес берді.

«Қазір жаңа, тек жақсы жағынан танылған ОПЭ дизель-электровоздар шығуда, болашақ – соларда, сондықтан машинист мамандығына сұраныс та арта түседі деп көршіміз мені үгіттейтін, - деп еске алады Сейфола Хайроллаұлы. – Неге болмасын, аз-кем ойланып барып, келістім. Бүгінде артқа көз тастап, дұрыс таңдау жасағанымды түсінемін».

Училищені аяқтаған соң практиканың уақыты келді. Ол жылдары білікті жұмысшы кадрлары тапшы болатын, сондықтан көмір кенішіне жұмысқа орналасқан училище түлектері әскер қатарында қызмет етуден екі жылға қалдырылатын. Өз кәсібінің қыр-сырын жас маман Тұрсынбаев Богатырь Жүк тиеу-көлік басқармасына қарасты «Ковыльная» станциясындағы жылжымалы құрам депосында тартқыш агрегат машинистінің көмекшісі ретінде игерді. 1983 жылы ол әскерге шақырылып, Приволжск әскери округінің инженерлік-техникалық әскерлері қатарында қызмет атқарды. «Оқу» нәтижесі бойынша Сейфолаға «кіші сержант» әскери атағы берілді. Оған қоса Сейфола «машинист башенного крана» мамандығына ие болды. Әскери қызметі жылдарында Сейфола офицерлерге арнап тұрғызылған көппәтерлі ондаған тұрғын үйлер мен жатақханаларды құруға қатысты.

«Біздің міндетіміз ғимараттарды монтаждау болатын, - деп нақтылап қояды Сейфола Хайроллаұлы, - ал әрлеу жұмыстарымен басқа бригадалар айналысатын».

Әскери құрылысшы Тұрсынбаевтың адал еңбегін әскери бөлім басшылығы бағалап, үйіне барып-қайту үшін екі рет кезектен тыс демалыс берді.

Әскерден оралған соң, Сейфола өзінің бұрынғы жұмыс орнына – туған депосына қайтып келді. ОПЭ машинистінің көмекшісі болып бес жыл жұмыс істеп, 1990 жылы ол машинист болып ауысты, содан алты жыл өтіп барып машинист-нұсқаушы болды. Бұл жерде ол 2004 жылға дейін жұмыс істеп, кейін «Степная» жылжымалы құрам депосы бастығының орынбасары болып тағайындалды. Бүгінде Сейфола Хайроллаұлы – Теміржол жөндеу депосында локомотивтерді жөндеу бойынша бас технолог.

Өзінің кәсіби маман болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген адамдардың қатарында Сейфола Хайроллаұлы өзінің алғашқы ұстазын, ОПЭ машинисті Сергей Евгеньевич Мозговойды атайды.

«Осы жылдар бойы, - дейді Сейфола Хайроллаұлы, - өзімнің аға буын жолдастарым Виктор Алексеевич Коваленконың, Валерий Викторович Чинаевтың, Илья Иванович Сизоненконың, Александр Кузьмич Новиковтың қолдауын үнемі сезініп жүремін. – Олардың бәрі де өз ісінің хас шеберлері, әрқайсысынан өзіме пайдалы көп нәрсеге үйрендім. Олардың еңбекке деген ынтасы жастарға үлгі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сергей Юрьевич Шишовтың, Юрий Кузьмич Новиковтың, Сергей Геннадьевич Захаровтың, Александр Васильевич Зориннің, Темірболат Ағзамұлы Нұрашевтың жоғары кәсібилігін атап өтпекпін».

Өткен жылдар ішінде Сейфола Хайроллаұлының өзі де теміржолшылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттерінің көпшілігі Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасында жұмыс істейді.

«Кейбіріне теориядан дәріс бердім, біреулері менің қолымда практикадан өтті. Жастарға берер басты ақылым – ерінбей, өзінің білім деңгейін үнемі жетілдіріп отыру керек. Мол тәжірибем, жоғары білімім болса да, қосымша техникалық әдебиетті оқуға уақыт табамын. Өйткені, білгеннің еш артықтығы жоқ, ал білім тәжірибемен ұштасып жатуы керек», - деп ой бөлісті Сейфола Тұрсынбаев.

2001 жылы компанияның үздік жұмыскері деп танылған, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің кавалері Сейфола Хайроллаұлы Тұрсынбаев өзін бақытты адам деп санайды. «Богатырь Көмір» ЖШС-да бас экономист болып қызмет істейтін зайыбы Айгүл Қайроллақызы екеуі елге үлгі боларлық төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Олардың әрқайсысы өмірден өз жолын тапқан. Екі ұлы – Фарид пен Рустам Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасына қарасты «Октябрьская» жылжымалы құрам депосында «ОПЭ-1» тартқыш агрегат машинистінің көмекшісі болып, қызы Даяна – осы басқарманың кадр бөлімінде жұмыс істейді, кіші қызы Аида – Павлодар мемлекеттік университетінің студенті, келіні Жәмила бала күтуге байланысты еңбек демалысында жүр, бұған дейін ол «Южная» станциясында бекет операторы болып жұмыс істеген, күйеу баласы Александр – тепловоз машинисті. Ал бәрі қосыла келе, олар – «Богатырь Көмір» ЖШС-дағы даңқты еңбек династияларының бірі, Тұрсынбаевтардың үлкен де тату шаңырағы.

Қанат АЛДАБАЕВ

Фото Олег МАЛЬЧУКТІКІ.

Фото Олега МАЛЬЧУКА.

2018.09.27
2018.09.28

© 2009-2018 «Самұрық-Энерго» АҚ

Сайтты дамыту Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng