«Богатырь Көмір» келбеті: Новиковтар әулетінің жалпы еңбек өтілі – 180 жыл

«Богатырь Көмір» келбеті: Новиковтар әулетінің жалпы еңбек өтілі – 180 жыл

Новиковтар әулетінің көмір өндіруші кәсіпорындағы жалпы еңбек өтілі 180 жылды құрайды. Екі ғасырға жуық уақытты алты адамға есептегенде – аздық етпес. Өйткені осы уақыт ішінде олардың әрқайсысы өмірінің қыруар бөлігін өз кәсібіне арнап, күні бүгінге дейін өздері еңбек етіп келе жатқан кәсіпорынның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосты.

 Новиковтар Екібастұзға солтүстік Уралдағы Карпинск қаласынан 1969 жылы көшіп келді. Отағасы Кузьма Елизарович электровоз машинисті болып жұмысқа орналасты, ол кездері Жүк тиеу-көлік басқармасы (ЖКБ) көмірді және аршылған қабатты тасымалдаумен айналысатын өз алдына бөлек ұйым болатын. Оның зайыбы Мария Михайловна да машинист болып жұмысқа тұрды. Шындығында – мұздату қондырғыларының машинисті. Сүт зауытында. Сондықтан, бірер жылдардан кейін ұлдары Александрдың, Николайдың және Юрийдің қандай мамандық таңдағанын дәл айту қиын бола ғоймас...

Араға бірер жыл салып үшеуі де қаладағы № 163 кәсіптік-техникалық училищеде (бүгінде К.Пішембаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжі) электровоз машинистінің көмекшісі мамандығына оқып алды. Бұл оқу орны кезінде Кеңес Одағындағы ең үздік жиырма, ал көмір өндіру саласындағы – алдыңғы қатарлы үш кәсіптік-техникалық училищенің бірі болып саналатын. «Менің конспектілерім өзімнен кейінгі інілерімнің қажетіне жарады», - деп әзілдеп отыратын Александр Кузьмич.  

Оқуды аяқтаған соң ағайынды Новиковтар әкесінің қасына, "Ударная", "Южная" және "Западная" станцияларына қызмет көрсететін ДПС-2-ге жұмысқа орналасты. Сөйтіп, олардың ортақ еңбек вахтасы басталды. Бір ауысымда жұмыс істегендіктен, үйден бәрі бірге шығып, бірге  қайта оралатын. «Анам түскі тамағымызды төрт сөмкеге салып қояды. Төрт бірдей ер азамат жұмысқа кеткен соң, тоңазытқыш босап қалатын», - деп Александр Новиков күлімсірей еске алды.

Бір-біріне үйде ғана емес, жұмыста да сенімді тіреу болып, олар ұзақ жыл бірге жұмыс істеді. Еңбегі жанған ағайынды Кузьмичтер қосымша «Тепловоз машинисті» мамандығын алып, ДПС-1-ге жұмысқа ауысты. Бертін келе Александр Кузьмич ол жерде бастықтың орынбасары лауазымына жоғарылатылды. Соңыра ол «Степная» станциясына басшы болып тағайындалып, күні бүгінге дейін қызметін атқарып келеді.

«Менің осылай қалыптасуыма алғашқы ұстазым, ДПС-1-дің бұрынғы басшысы Тілеутай Үмбетовтің сіңірген еңбегі мол. Алғашқы күннен-ақ қолтығымнан демеп, білгенін үйретіп, қанаттандырып отырды. Қазір міне, өзім де сондай ұстазбын, зейнет жасына да жетіп қалдым», - дейді Александр Новиков. – Ұстазымның өмірлік қағидаттарына сүйенемін, жас мамандарға көп сенім артамын. Кәсіпорынға қатардағы жұмысшы болып келіп, аз уақыттан соң өздері басшы болып жатады. Солардың қатарында ДПС-2-нің бастығы Владимир Рожок, "Ударная" ДПС-тің бастығы Александр Назаренколар бар. Ең бастысы – жастардың әлеуетін өз уақытында байқап, дұрыс бағыт-бағдар көрсете білу, өз күшіне деген сенімін жоғалтпай, кәсіби тұрғыда өсуіне көмектесе білу».

Сол «Степная» станциясында Юрий Кузьмич машинист-нұсқаушы, ал Николай Кузьмич – тепловоз машинисті, бригадир болып жұмыс істейді. «Эксплуатация» ДПС-те еңбек вахтасын атқара жүріп, Юрий Новиковтің ұл-қызы – экипировка ұстасы Станислав Новиков пен локомотивтер бригадасының нарядчигі Светлана Каретникова отбасы династиясын жалғастыруда. Олардың балалары да үлкен атасының абырой-даңқын асырып, ортақ еңбек өтіліне жемісті жылдарды қоса берер, кім білсін!

 Марина ПОНКРАТОВА

 Фото Новиковтардың отбасы архивінен алынған.

2018.09.26
2018.09.26
  • Қаз
  • Рус
  • Eng