Ғылым мен білімді өндірісті цифрландыруға қатыстыру

Ғылым мен білімді өндірісті цифрландыруға қатыстыру

Республиканың аса ірі энергия холдингі «Самұрық-Энерго» цифрландыру аясында өз компанияларының тобында математикалық есептеу моделдерін пайдалану арқылы мониторингтің және өндіріс деректерін өңдеудің ақпараттық-талдамалық жүйесін енгізуді жоспарлауда. Бұл іс-шаралар холдингтің өндірістік объектілеріндегі жоспарлы, алдын-ала жасалатын жөндеу жұмыстарынан жабдықтардың жай-күйіне қарай жасалатын жөндеу жұмыстарына көшуді қамтамасыз етуге тиіс.

Бұл міндеттерді атқару үшін информатика және математика саласының мамандарын тарту қажет болатынын ескере отырып, компания пилоттық режимде отандық ғылым-білім беру университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатуда.

А.ж. 18 қырүйекте Астанада «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Халықаралық бизнес университеті» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Ғылым, білім беру, қоғамдық қызмет секілді бағыттардағы әріптестікті көздейтін маңызды құжатқа «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Бақытжан Жоламанов пен Халықаралық бизнес университетінің президенті  Дархан Ахмед-Заки қол қойды.

Меморандумға сай, Университет ғалымдары Самұрық-Энерго мен оның құрамындағы компаниялар үшін қызығушылық туғызатын өндірістік, ғылыми және практикалық міндеттерді шешуге қатыстырылады. Өз кезегінде, электр энергиясы холдингінің мамандары мен сарапшылары ғылыми серіктеске Университеттің оқыту бағдарламаларын әзірлеуге, сондай-ақ компаниялардағы бөлімшелердің кәсіби бағытына және студенттер мен магистранттардың мамандықтарына қарай отырып, өндірістік және дипломалды практикадан өтуін қамтамасыз етуге көмектеседі.  

«Самұрық-Энерго» басшысы Бақытжан Жоламанов атап өткендей, «Самұрық-Энерго» мен Халықаралық бизнес университеті арасында жасалған Меморандум ғылыми деңгейде білім беру мен бизнестің, жаңа технологиялық әзірлемелер мен өндірістік практиканың арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық дәстүрін нығайта түсуі тиіс.  Келешекте де бір-бірімізді стратегиялық әріптес деп қарастырып, ынтымақтастығымыз өзара тиімді әрі жемісті болады деп үміттенеміз.

 «Біздің Университетіміз үшін бұл тікелей өндіріс орындарында зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді, оған оқу орнының мамандары қатыстырылып, студенттердің әлеуеті де жұмсалатын болады. Біз мұның қандай үлкен жауапкершілік екенін, әсіресе, түпкі мақсат не екенін жақсы түсінеміз.   Сондықтан, біз барлық күш-жігерімізді жұмсап, серіктесіміздің өндірістік әлеуетін арттыруға көмектесу үшін бүкіл ғылыми әлеуетімізді жұмылдырамыз», - деді  Халықаралық бизнес университетінің басшысы.

«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі.  2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.  

Халықаралық бизнес университеті – Қазақстан Республикасының жоғары оқу орны, негізі 1992 жылы қаланған. UIB Университетінің миссиясы –бәсекеге қабілетті, жаңа формациядағы мамандарды дайындау арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді ықпал ету. Әлемдік білім беру кеңістігінде бәсекелес позицияға қол жеткізу және озық дамуды қамтамасыз ету.

_______________________________________________

«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар офисі

Тел: (7172) 55-30-62; Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

2018.09.19
2018.09.19

© 2009-2018 «Самұрық-Энерго» АҚ

Сайтты дамыту Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng