Алғашқы марафон артта қалды

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның қызметкерлері Алматы Марафон 2018-ге қатысты.

«Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік орталығының тоғыз қызметкері Алматы Марафон 2018-ге қатысты. Жүгіруді ұнататындар 10 және 21 шақырым болатын екі қашықтықты бағындырды.  Бұл – жүгірумен машықтанғанына енді екі ай болған команданың мұндай ауқымды спорттық жарысқа алғаш қатысуы болатын. Біздің әріптестеріміз марафоннан алған әсерімен бөлісті.

foto14

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Активтерді Қайта құру және Сату» департаментінің директоры Еркін Акенев жеңіл атлеттердің тілінде «жарты марафон» деп аталатын 21 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Оның сөзінше, мұндай ауқымды спорттық оқиғаға қатысу оның бойында үлкен әсер қалдырып, күш-қуатын тасытты және жеңіске жетеледі.

foto3

«Алматы марафоны жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өте қызықты өтті, жүгіру жолының күрделілігіне қарамастан, қатысушылардың көңіл-күйі көтеріңкі болды, оған шайдай ашық ауа райын, айналадағы әсем табиғат көріністерін қосыңыз. «Жарты марафонның» соңғы үш шақырымы  мен үшін қиынға соқты. Әсіресе, соңғы 1000 метрді бағындыру үшін бойымдағы бүкіл күш-жігерімді жұмсап, мәре сызығына жеттім. Екі сағатта жетемін деп алдыма мақсат қойып едім. Меніңше, алғашқы жарты марафон үшін бұл тәуір көрсеткіш»,- деп Еркін Акенев жарыс нәтижесімен бөлісті.

foto2

Еркін өз әріптестерінің жетістігіне қуануда, өйткені марафонның мәре сызығына жету олар үшін тағы бір жеңіске – ең алдымен өз бойындағы жеңіске айналды.  Жүгіру клубында спортпен енді ғана шұғылдана бастаған қызметкерлердің көпшілігі үшін осыдан екі ай бұрын 10 және 21 шақырым қашықтықты бағындыру қол жетпестей болып көрінетін.

foto4

«Командамыз қуантты. Енді шұғылдана бастаған кезде – 3 шақырымды жүгіріп өту көпшілігіміз үшін, әсіресе жаңадан келгендер үшін қиынның қиыны болатын. Марафонда бұл адамдар, шындығында, алға үлкен қадам жасады. Өздерінің алға ұмтылысы, қайтпастығы, арнайы дайындығы арқасында, және де кәсіподақтың көмегімен олар жеңіске жетті.  Біз «Самұрық-Энергоның» туын жеңіс мәресіне желбіретіп жеткізуге тырыстық, және соны орындадық», - деп Еркін Акенев әріптестерінің жетістігіне марқайды.

«Корпоративтік басқару және Орнықты даму» Департаментінің бас менеджері  Әсел Өскенбаеваның айтуынша, өзінің алғашқы марафонын ол  туыстары мен жақындарына арнаған: «Қызым медаль әкелуімді өтінді!». Жарыстың алдында көңілі алабұртып, күпті болғанын ол жасырған жоқ,  дегенмен трассаны бағындырды.

123

«Бастапқыда бойымды толқу, қорқыныш биледі. Бірақ, біріншіден – бапкердің сөзі қанаттандырды, екіншіден – марафондағы ерекше, спорттық көңіл-күй әсер етті, өйткені оған бірнеше мың адам қатысты.  Шынын айту керек, алғашқы бес шақырымнан кейін қиын болады деп ойлағанмын – ойлы-қырлы жол, жиналған сансыз адам. Жол бойы тоқтаусыз жүгіріп, туған-туыстарымды ойлаумен болдым – шыдауым керек, олар маған үміт артып отыр»,- деп әңгіме өрбітті Әсел. -  Сайып келгенде, жүгірген сайын бойың жеңіл тартып, 10 шақырымның қалай өткенін байқамай да қалдым. Марафоннан кейін ешқандай жайсыздық сезінбедім, ауырсынбадым, жарақат та алмадым, бұл әрине бапкердің және үзбей жаттығудың арқасында».

foto10

Қырық тоғыз жастағы жоба менеджері Дәурен Сағидолла – «Самұрық-Энергоның» жүгіру командасындағы ең тәжірибелі спортшы. Осымен өмірінде екінші рет қатысып отырған бұл марафон оның отбасы үшін үлкен оқиға болды.

«Белгілі бір уақытты көрсетуді алдыма мақсат етіп қоймадым. Алматы марафонындағы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, қашықтықты ұлыммен бірге жүгіріп өттім.  Мәре сызығына бірге жетіп, қуана құшақ айқастыру, ұлымның бал-бұл жанған дидарына сүйсініп,  жеңіс қуанышын тойлау қандай бақыт. Бұл жолы біздің ата-анамыз да осынау ғажайып спорт мерекесіне келіп, біздің тақымымызды қысып тұрды», - деп әсерімен бөлісті Дәурен Сағидолла.

Ол әріптестерінің нәтижесіне көңілі толатынын, Алматы марафоны «Самұрық-Энергоның» командасын біріктіру үшін жақсы тәжірибе болғанын атап өтті.  Мәре сызығынан өтіп барып, аяғы тартылған Еркінге әріптестері көмекке келді.

foto12

Бапкердің уақытында уқалауы марафоншының есін жинауына, ал команданың қалған қатысушыларының осы оқиғадан тиісті қорытынды жасауына көмектесті.

«Біз болған жағдайдың бәрін талдап отырдық», - дейді Дәурен Сағидолла. – Командалық дәрі қобдишасын алып жүру және міндетті түрде алғашқы медициналық көмек көрсету курсын өту қажет. Бұл өте маңызды».

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның қызметкерлері жүгірумен шұғылданып жүрген «Go Sport Travel» клубының өкілдері команданың нәтижесіне қуанышты.  Жігіт-қыздар тау бөктерінде орналасқан Алматының жер жағдайындағы қашықтықты бағындыра алды.

foto6

Біз команданың әрбір қатысушысына тән психологиялық тосқауылды сындырдық. 10 және 21 шақырымдық қашықтықтар олар үшін бастапқыда қол жетпестей көрінетін, бірақ біз оларға сенімді едік. Енді міне, әрбірінің мәреге жетіп, жақсы көңіл-күймен үйлеріне оралғанына қуаныштымыз. Сол үшін оларға алғысымыз мол», - деп «Самұрық-Энерго» АҚ командасының жарысқа қатысуын түйіндеді «Go Sport Travel» клубының менеджері Әмір Ақтай.

-  Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Командамен жұмысты әрі қарай да жалғастырсақ деп едік – нәтижені жақсартып, қашықтықты ұлғайта түсу керек, өйткені  –  алдымызда Астанада өтетін екі марафон бар. «Самұрық-Энергоның» қызметкерлеріне бұдан да үлкен жетістіктер тілеймін, жеңіс тұғырынан көріне берсін. Соған бірге қол жеткіземіз деп үміттенемін».

foto13

Алматы Марафон 2018 Орталық Азиядағы ірі спорттық оқиға болды. Оған 38 елден келген 14 мыңнан астам адам қатысты. Биыл жарысқа қатысу жарнасынан түскен қаражат балаларға арналған онкологиялық хосписке  және даму ерекшеліктері бар балаларға арналған мамандандырылған екі мектепке жұмсалады.

Ал «Самұрық-Энергоның» жүгіру командасы үшін жаңа кезең – жазғы BI Marathonға дайындық кезеңі басталып, әуесқой спортшылар жаңа қашықтықты тағатсыздана күтуде. Атап өтейік, «Самұрық-Энергода» наурыз айында жүгіру клубы ұйымдастырылған болатын. Бұл – спортпен шұғылдану арқасында корпоративтік ынтымақты нығайтуды көздеген қызметкерлердің бастамасы еді.

Дамир Айдаров

2018.04.25
2018.04.25
  • Қаз
  • Рус
  • Eng