Жұмыс орнындағы ХҚКО – ГРЭС-2-де «Бір терезе» ашылды

«Кедергісіз қызмет» партиялық бағдарлама аясында Екібастұз ГРЭС-2 станциясында «E-gov» электронды үкімет кабинеті ашылды.

Жұмыс орнындағы ХҚКО – ГРЭС-2-де «Бір терезе» ашылды

 Бұдан былай станция жұмыскерлері мекен-жай, некені тіркеу, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтамаларды кәсіпорын қабырғасынан шықпай-ақ ала алады.

  Кабинеттің ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы Екібастұз қалалық филиалының төрағасы Қайрат Нүкенов, «Нұр Отан» партиясы Екібастұз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нияз Макраев және Екібастұз қаласы ХҚКО-ның жетекшісі Қанат Әбдуалиев қатысты.  

  «ЕГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Николай Тушинскийдің айтуынша, бүгінгі таңда станция жұмыскерлері арасында мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу мүмкіндігі туралы ақпараттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Біз бірқатар мәселелерді қашықтықтан шешуге болатын заманауи қоғамда өмір сүрудеміз. Осылайша, электронды үкімет кабинеті станция жұмыскерлеріне уақыты мен қаржысын үнемдеп, өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта біз рәсімдерді жасаудың алғашқы кезеңдерінде энергетиктерге көмек беріп отыратын арнайы маман дайындадық. Уақыт өте келе, станцияның 1,5 мың жұмыскерінің әрқайсысы «бір терезе» қағидаты бойынша   ұсынылған барлық қызметтерді өзі пайдалана алатын болады».

  Электронды үкімет кабинеті ашылған күні станцияның 30-дан астам жұмыскері Электрондық цифрлық қолтаңба алды. Алғашқы болып бұл қызметті ЖАӨЦ электрослесарі Александр Козодоенко пайдаланды:

-  Барлық қызметтерді осында, станцияда алатын мүмкіндіктің туғанына қуаныштымын. Маған тез арада жол-патрульдік полициясына мекен-жай туралы анықтаманы тапсыру керек болатын. Бұрын оны алу үшін жұмыстан сұранып, станциядан 45 км қашықтыққа жол жүріп, ХҚКО кезекте тұруым керек болса, қазір аталмыш анықтаманы ӘТК-нің алтыншы қабатына көтеріліп қана алдым. Бұл өте ыңғайлы.  

  Жалпы алғанда электронды үкімет кабинеті 400-ге жуық қызмет түрін ұсына алады.

  Салтанатты шарадан соң, кәсіпорындағы жұмысшы жастар ұйымының белсенділерімен кездесу өтті.

  Марал Ысқақова,

  «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның баспасөз хатшысы

  Сурет автордікі.

2018.04.16
2018.04.16

Әзірленді: Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng