«Богатырь Көмір» ЖШС-ға жаңа бас директор тағайындалды

Көмір өндіруші компанияның басшылығын ауыстыру туралы шешімді жалғыз қатысушы қабылдады

«Богатырь Көмір» ЖШС-ға жаңа бас директор тағайындалды

«Богатырь Көмір» ЖШС-ның жалғыз қатысушысы – «Forum Muider B.V» компаниясының шешімімен Рустам Сансызбаев бас директор болып тағайындалды. Бүгін Екібастұзда «Богатырь Көмір» ЖШС-ның ұжымына жаңа басшыны «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев таныстырды. Кездесу барысында ол көмір өндіруші кәсіпорынның жұмысындағы оң өзгерістерді атап өтті және компанияның басшысы қызметіндегі жұмысы үшін Мұрат Әбдіғұловқа алғыс білдірді. Рустам Сансызбаевтың жоғары техникалық білімі және мұнай-газ саласындағы өндірістік компанияларда үлкен жұмыс тәжірибесі бар.

Қазақстан Республикасында өндірілетін энергетикалық көмірдің жалпы көлемінің 40%-дан астамы «Богатырь Көмір» ЖШС-ның үлесіне тиесілі. 2017 жылы көмірді өндіру және сату 40 млн. тоннадан асты, бұл белгіленген жоспардан 19%-ға артық. Ақпанның соңында Мәскеуде Еуразиялық даму банкімен ЦАТ (циклдық-ағындық технология) жобасын қаржыландыру туралы кредиттік келісімге қол қойылған болатын. Жобаны іске асыру өндіру қуаттылығын 50 млн. тоннаға дейін арттырады, өзіндік құнын төмендетеді және өнімнің сапасын жақсартады, сондай-ақ қоршаған ортаға тигізер әсерін азайтады.

Анықтама:

«Forum Muider B.V» - «Самұрық-Энергоның» «РУСАЛ» Біріккен Компаниясымен 50% / 50% бірдей иелік ету үлесімен құрылған бірлескен кәсіпорын. Компания Нидерландыда тіркелген және «Богатырь Көмір» ЖШС жарғылық капиталының 100% үлесіне иелік етеді.

2018.03.07
2018.03.27

© 2009-2018 «Самұрық-Энерго» АҚ

Сайтты дамыту Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng