Шардара СЭС электр энергиясын өндірудің жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындады

Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан Шардара су электр станциясы электр энергиясын өндірудің жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындады. Осылайша, станция 2019 жылдың басынан бері жоспарланған 301 900 мың кВт сағаттың орнына 403 655 мың кВт сағаттан астам электр қуатын өндіріп отыр.

 Мамандар ескірген станция бұрын мұндай қуатпен жұмыс істей алмайтын еді дейді. 2019 жылдың басында осы су электр станциясын жаңғырту бағ­дар­ламасының аясында әрқай­сысының қуаты 31,5 МВт болатын екі жаңа су агрегаты пайда­лануға берілгеннен кейін стан­циядағы жұмыс қыза түскен. 

 «Жаңа екі гидроагрегаттың жұмысынан басқа, су электр станциясының жоспарды асыра орын­дауына  себеп болған тағы бір басты фактор – станция­ның негізгі және қосалқы жабд­ы­ғының апатсыз жұмысы. Оның үстіне, Сырдария өзенінде де су кө­лемі жеткілікті болған. 2020 жы­лы біз Шардара су электр стан­циясындағы техникалық жаң­ғырту жұмыстарын аяқтай­мыз деп жоспарлап отырмыз, бұдан кейін оның қуаты артып, Түркістан облысындағы электр энергиясының тұрақты көзі болып қала береді», – дейді «Самұрық-Энерго» АҚ «Генерация және отын» департаментінің директоры Бағлан Исенов.

Айта кетейік, 2020 жылдың бірінші жартысында тағы екі гидроагрегат жоспарға сәйкес құрастырылса, Шардара станциясын жаңғырту бағдарламасы аяқталады. Жобаның жалпы құны 38 млрд теңгені құрайды.  Қаржының 32% өз қаражаты есебінен, 68% несиеге алынған. Жо­баның мердігері – Andritz Hydro GmbX атты Австрия-Гер­ма­ния компаниясы.

Жалпы, жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, Шардара СЭС-інің қуаты 126 МВт-қа дейін артпақ. Жаңа жаб­дық су станциясының қыз­мет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұлғайтып, СЭС-ті пай­далану сенімділігін арттырады және апаттылық деңгейін төмен­детеді. «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының сөзінше, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етіп,  өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие. 

Тұтас алғанда, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Нарықты дамыту» департаменті әзірлеген, Қазақстанның электр энергиясы мен көмірі нарығына 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде жасалған талдауға сай, 2019 жылдың 9 айында компанияның «таза» электр энергиясын өндірудегі үлесі (КЭС, ЖЭС, шағын және ірі СЭС-тер) 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда (2 152,2 млн кВтс) 11,3% артқан (2 395 млн кВтс).

https://egemen.kz/article/212940-shardara-ses-elektr-energiyasyn-ondirudinh-dgyldyq-dgosparyn-merziminen-buryn-or

2019.11.07
2019.11.08

© 2009-2018 «Самұрық-Энерго» АҚ

Сайтты дамыту Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng