«Богатырь Көмір» ЖШС-нің үздік кеншілері Нұр-Сұлтан қаласында Шахтер күнімен марапатталды

«Самұрық-Энерго» АҚ-да «Богатырь Көмір» ЖШС-нің жұмыскерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты марапаттау рәсіміне энергия холдингінің құрамындағы көмір өндіру компаниясының үздік жұмыскерлері мен ардагерлері қатысты.

Елордаға  Екібастұз қаласынан 20 адамнан құралған делегация келіп жетті. Олардың қатарында көмір өндіру ісіне ондаған жыл өмірін арнаған еңбек озаттары мен ардагерлері бар. Салаға еңбек сіңірген кеншілерді «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Бақытжан Жоламанов және «Самұрық-Энерго» Жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің төрағасы Оразбек Бекбас кәсіби мерекесімен құттықтады. Шахтерлер І-дәрежелі «Еңбек даңқы», І-дәрежелі «Шахтер даңқы», «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» белгілерімен, «Еңбек ардагері» медалымен, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ-ның және Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясының құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Шахтер кәсібін елімізде қашан да болсын ардақтап келген. Бұл асқан шыдамдылықты, мол қажыр-қайратты талап ететін, өз ісіне шын берілген батыл адамдардың кәсібі. Осындай қиыншылықтарына мойымай, еселі еңбек етіп жүрген сіздердей жандарға алғысымыз шексіз», - деп өзінің құттықтау сөзінде атап өтті Бақытжан Жоламанов.

Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін шахтерлер Нұр-Сұлтан қаласының көрікті жерлерін аралады. Кеншілер елордада жаңадан бой түзеген әсем ғимараттарды тамашалап, Есіл бойлап кемеде серуендеді.

Айта кетейік, биыл Екібастұз көмір бассейнінде «қара алтын» өндірістік жолмен алына басталғанына 65 жыл толады. Бұл жерде әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі – «Богатырь» кеніші орналасқан, ал көмір ашық әдіспен өндіріледі. «Самұрық-Энерго» АҚ мен «РУСАЛ» БК (РФ) тепе-тең негізде иелік ететін «Богатырь Көмір» ЖШС-нің үлесіне Екібастұз көмір бассейнінде жалпы өндірілетін қатты отынның 59% және жалпы Қазақстанда өндірілетін көмірдің 39,5%-ке жуығы тиесілі. Компания еліміздің энергетикалық отын нарығында маңызды рөл атқарады.

2019.08.23
2019.08.23

© 2009-2018 «Самұрық-Энерго» АҚ

Сайтты дамыту Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng