Алматы электр станциялары: Виктор Безрук, Алматы 3- ЖЭО бас инженері

Біздің әулетімізде тәжірибе мен білік ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Кәсібіміз ауыр, сондықтан жауапкершілік пен табандылықты қажет етеді

Тәжірибесі мол еңбек әулеттері  - «Алматы электр станциялары» АҚ үлкен мақтанышы мен құндылығы.  «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі», деген мақалға сәйкес ата кәсіптегі жалпы еңбек өтілі бүгінде 184 жылды құрайтын Безруктар сондай әулеттің  бірі. Тіршілігі ұйыған өнегелі  әулеттің энергетика саласына қатысты шежіре - тарихы Владимир Антонович Безруктан басталады. Ол 1949 жылы соғыстан оралып, Новосібір облысындағы  Барабин ГРЭС – інде  қараушы қызметіне орналасты. Ұлы Отан соғысын бастан -аяқ жүріп өтіп, бірқатар әскери наградаларға ие болған  ардагер энергетика саласының әулет өмірінде маңызды роль атқаратынын, электр станциясы олардың екінші үйіне айналатындығын болжамаған болар. Владимир Антонович өзінің жары Антонина Ивановнамен сол жерде шаңырақ көтерді. Үш ұлының бойында  еңбек пен кәсіпке деген құрмет сезімін қалыптастырды. Әкелері Владимир Безруктің салған еңбек жолын кейіннен  ұлдары Анатолий, Юрий және Виктор, немерелері Мария мен Ольга жалғастырды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны  ілерсің»  дегендей,  жауапкершіліктен бас тартпау - Безруктар әулетінің ұстанымы. 

Виктор Безрук мектеп бітіргеннен кейін әскери әуе – техникалық училищеге түсіп, оны бітіргеннен кейін Қиыр Шығыста авиациада және Құндызда  (Ауғаныстан) жеке вертолет отрядында қызмет етті. Ауған соғысы Виктор жадынан кетпес тағдыр сыны...  Соғыс оты шарпыған  ұрпақ  бейбіт өмірдің құнын жақсы біледі. Интернационалдық борышын орындағаннан кейін отанға қайта оралып, ол әкесі мен ағаларының жолын басып, ізін қуды.

Виктор Безрук Алматы ГРЭС  қазан цехына орналасты.  Электр станцияда жұмыс істеп, тәжірибе жинаған ағалары Анатолий мен Юрий Виктордың еңбек жолындағы алғашқы тәлімгерлері болды. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып  бастаған Виктор Алматы энергетика және байланыс институтын тәмәмдап, қазан және турбина цехында, жылу автоматикасы цехында жұмыстың қыр – сырын таныды, ширады. Бас инженер лауазымын атқарғанына 19 жыл болды. Осы уақыт аралығында Алматы ГРЭС –інде  бірқатар өзгерістер болды: станция атауы 3-ЖЭО –ға өзгертілді, көптеген қайта құру жұмыстары орын алды.

«90 жылдары жабылуға жақын қалған станция мүддесін Трактебель компаниясының алдында  қорғап, әмбебап жабдықтар кешені мен кәсіби қызметкерлер құрамын сақтап қалып,  оны қайта қалпына келтірдік.  Градирня, турбиналарды, қазан күл тұтқыларын, ашық тарату құрылғыларын қайта құрдық,  тұзсыздандырылған суға кері осмос жүйесін енгіздік. Осы айтылған жұмыстың қайсысы болмасын күш, уақыт, қажырлы еңбекті талап етті. Электр станцияға қызмет көрсету, жөндеу, қайта құру жұмыстары 3-ЖЭО сенімді жұмысын қамтамасыз ететін жоғары білікті, кәсіби мамандардың күшімен атқарылды және атқарылып келеді. Мен сондай тұлғалармен бірге жұмыс істейтініме және энергетиктер қауымдастығында,  интернационалист - жауынгерлер қауымдастығында бірге болғанымды мақтан тұтамын» - дейді   Виктор Безрук.

Виктор Безруктың негізгі өмірлік қағидаттары – төзім, жауапкершілік және кәсібилік. Станцияда қандай да жағдай болмасын, күндіз, не   түнде ол арнаулы жұмыс киімін киіп, цехтарға бет алады. Отбасы да оны жақсы түсінеді. 2015 жылы Виктор Безрук ең мәрте ата атанды, дүниеге келген   Анечка мен  Лизонька – өмірдегі ең үлкен қуаныштар. Олар өскенде энергетика саласын таңдайтын болар деп армандайды.

В.Безрук ұжымда үлкен құрметке ие. «Виктор Владимирович – өз ісін жақсы білетін, сауатты маман әрі кәсіби басшы, ең бастысы,  ол қиын жағдайда қолдау көрсететін, уәдесінде тұратын нағыз  ер азамат» - дейді турбина цехының бастығы  Олег Ваганов.

Виктор Безрук қажырлы еңбегі үшін бірнеше мемлекеттік және салалық наградалармен, соның ішінде: «Қарулы күштерге 70 жыл», «Жауынгер-интернационалиске Ауған халқынан алғыс», «Қазақ электр энергетикасы қауымдастығының еңбегі сіңген энергетигі»,  «Қазақ электр энергетикасы қауымдастығының құрметті энергетигі» медальдарымен, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алғыс хаттарымен,  «Самұрық  - Қазына» ҰАҚ» АҚ, "KAZENERGY" Ассоциациясының құрмет грамоталарымен марапатталған. 

Виктор өз кәсібін мақтан етеді: «Біздің әулетімізде тәжірибе мен білік ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Кәсібіміз ауыр, сондықтан жауапкершілік пен табандылықты  қажет етеді,- дейді Виктор Безрук. – Алайда біз осы еңбегімізден қуаныш таптық. Тұрғындарға жарық пен жылу береміз, өнеркәсібіміз бен мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлесімізді қосамыз».

2017.05.30
2017.06.06

Әзірленді: Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng