«Самұрық-Қазына» АҚ «Жеңіс» республикалық қайырымдылық жобасын іске асыруды жалғастыруда

7

«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық жобасы аясында энергия холдингінің қызметкерлері бүгін Ұлы Отан соғысына қатысушылармен және олардың отбасы мүшелерімен кездесті. 

2

Майдангер Әубәкір Уәлиев пен оның жұбайы Амантай Бекниязованың отасқандарына 66 жыл болыпты. 1944 жылы оны Қостанай облысының Жангелдин ауданынан әскер қатарына шақырған. Әубәкір Уәлиев 1945 жылы совет-герман соғыс майданының оң қанатында Висла-Одер стратегиялық шабуылдау операциясына қатысып,  Брест, Штеттен, Потсдам қалаларын жаудан азат еткен.

3

Фашистерді жеңгеннен кейін, Әубәкір Уәлиев 1950 жылға дейін Германия аумағында совет әскерлерінің құрамында қызмет еткен. Ардагер Жеңіс мерекесі қарсаңында омырауына тағатын медалдар оның қан майдандағы ерлігін айшықтай түседі.

1

«Соғыс уақытында мерген де, байланысшы да, 76 мм полк зеңбірекшілерінің қатарында көздегіш те болдым – сөйтіп, көп кәсіп үйрендім. Біздің басты мақсатымыз – жауды қайткенде де жеңу болатын,  сол мақсатымызға жеттік. Соғыстан кейін тың игеруге қатыстым, машина-трактор станциясында токарь, тракторшы болып жұмыс істедім», - деп есіне алады ардагер.

8

Оның жұбайы Амантай Бекниязова – тыл еңбеккері, сол кездегі сан мыңдаған әйелдер секілді Жеңіске өз үлесін қосты. Бүгінде Уәлиевтердің әулетінде – жеті бала, 19 немере, 26 шөбере бар. Жеңіс мерекесінің құрметіне орай «Самұрық-Энергоның» өкілдері ардагерлерге ақшалы конверт және 92 жастағы ақсақалға жанға жайлы қол арба тарту етті.

9

Қорғалжын ауданының тұрғыны Орынбасар Әбдірахманова – еңбек ардагері. Мектеп жасында ол өзінің мыңдаған қатарластары секілді егін алқабында жұмыс істеп, жиналған астықты Ақмолаға тасыды. 1950 жылы майдангерге тұрмысқа шықты. Ұзақ жылдар бойы ауруханада жұмыс істеді. Орынбасар әженің 2 баласы, 6 немересі және 3 шөбересі бар. ҰОС ардагерінің артында қалған жұбайына «Самұрық-Энергоның» өкілдері ақшалы конверт табыс етіп, «Жеңіс» қайырымдылық жобасы туралы әңгімелеп берді

13

Жеңіс мерекесі қарсаңында тыл еңбеккері, көп балалы ана Қапен Әйтенқызы Шахуп та құттықтаулар қабылдауда. 91 жасқа келген әже әлі де тың, көңіл-күйі қунақы.

12

Ел басына күн туған кезде ол 15 жасынан бастап қой өсіру фермасында жұмыс істеп, жас қозылардың күтімімен айналысты. 1947 жылы тұрмысқа шығып, күйеуімен 64 жыл отасыпты. «Ана даңқы» орденімен, «Ана» медалімен, ҚР Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» белгісімен марапатталған. Бұл күндері Қапен әже Қазақстанның дамуына сіңіріп отырған еңбегі үшін Мемлекет басшысына шексіз ризашылығын білдіріп, ақ батасын беруде.

15

«Самұрык-Энерго» АҚ өкілдері кіріп келе жатқан Жеңіс күнімен 93 жастағы Наушан Аманжолқызы Жөкебаеваны құттықтады. Ол Қарағанды облысының Қарсақпай кентінде дүниеге келген. Тыл еңбеккері.

17

Соғыс жылдарында ол, сабақтан соң, өзінің сыныптастарымен бірге заводта, станок басында тұрып, майданға жіберілетін оқ-дәрі, мина шығарған.  Наушан әже снарядқа әр қыздың өз атын жазғанын еске алды. Бұл кезде оның болашақ жұбайы Забихолла Шахупов майданда болатын. Кезекті шайқас үстінде ол бірнеше жерден жараланып, 1944 жылы елге оралады.  Сол жылы Забихолла мен Наушан тұрмыс құрады.

16

Наушан әженің өмір жолдасы 2011 жылы қайтыс болды. Жас ұлғая келе, көз жанары да нашарлай бастаған. Алайда ол тағдырға мойымай, үлкен қызы 69 жасқа келсе де, үй шаруасын өзі басқарып отыр.

21

Тылдағы еңбегі үшін Наушан Жөкебаева бірқатар наградалармен марапатталған, олардың қатарында «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалы, фашистік Германияны жеңген Жеңіс құрметіне орай мерекелік медал, «ІІ-дәрежелі Ана медалы».

«Жеңіс» қайырымдылық жобасы ҰОС бүгінде көзі тірі қатысушыларына құрмет білдіруге бағытталған. Оны ұлттық компаниялар, қоғамдық ұйымдар, белсенді жастардан және «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қызметкерлерінен құралған еріктілер іске асыруда. Жеңіс мерекесінің құрметіне орай бүкіл Қазақстан бойынша ардагерлерге көмек көрсетілуде.

Д.Айдаров.