«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы А.Сәтқалиев Қазақстанның энергияның көшуі туралы: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – жасыл экономиканы құру болып табылады»

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы, Дүниежүзілік Энергетикалық Кеңес жанындағы Қазақстан Ұлттық комитетінің төрағасы А.Сәтқалиев Қазақстанның энергияның ауысуы туралы

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы А.Сәтқалиев Қазақстанның энергияның көшуі туралы: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – жасыл экономиканы құру болып табылады»

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы, Дүниежүзілік Энергетикалық Кеңес жанындағы Қазақстан Ұлттық комитетінің төрағасы А.Сәтқалиев Қазақстанның энергияның ауысуы туралы: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – жасыл экономиканы құру болып табылады».

Қазақстандағы электр энергиясының ірі жеткізушісі Самұрық-Энерго еліміздің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық жүйеге көшу жөніндегі өршіл жоспарларында негізгі орындардың бірін иеленеді. Ең үлкен проблема, - дейді «Самұрық-Энерго» компаниясының Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «World Energy Focus» үшін берген эксклюзивті сұхбатында, - Қазақстанның көмір электр станциялары өндіретін электр энергиясына бағаның мейлінше төмен болуы. Алайда бұл еліміздің даму бағытын өзгертпейді, - дейді Сәтқалиев. «Стратегиялық мақсат – жасыл экономиканы құруда».  

«Біздің жағдайымыз әлемдегі көптеген басқа да энергетикалық компаниялардың басынан кешіп отырған жағдаймен бірдей. Біз неғұрлым бәсекеге қабілетті болуға және акционерлер үшін құндылықтарды жасауға тиіспіз. Сөйтіп, біз орнықты дамуға қол жеткізуге тиіспіз. Бұл – біздің ең басты екі міндетіміз». 

Қазақстанның энергияның ауысуы туралы мәселені көп адам еліміздің электр энергиясының негізгі жеткізушісі – Самұрық-Энергоның Басқарма Төрағасы ғана емес, сонымен бірге басқа да көптеген жетістіктерге қол жеткізген бұрынғы Энергетика министрінің орынбасары және еліміздің энергия беру жүйесінің ұлттық операторы болып табылатын Қазақстан электр желілерін басқару компаниясының (KEGOC) бұрынғы Президенті және Төрағасы болған Алмасадам Сәтқалиев білгендей егжей-тегжейлі біле бермес.

Ол сонымен қатар Қазақстан энергетикасының проблемаларын неғұрлым кең халықаралық аспектіде қарастыруға жәрдемдескен Дүниежүзілік Энергетикалық Кеңес жанындағы Қазақстан Ұлттық комитетінің төрағасы болып табылады. «Біз Кеңес аясында идеялар алмасу арқылы барынша көбірек үйрендік. Біз әр ел өзіне тән жеке шешім табуға тиіс болса да, бәріміздің ұқсас міндеттеріміз бар екенін білеміз». 

Қазіргі кезде еліміздің 35% электр энергиясын және 40% көмір энергиясын өндіретін Самұрық-Энерго Қазақстанның өзі секілді түрлі өзгерістер кезеңін басынан кешіріп жатыр. Бәсекелестік пен жекешелендіруге деген ұмтылыс бар. Самұрық бұрынғысынша мемлекетке тиесілі, бірақ ішінара жекешелендіруге дайындалуда. Ішкі нарық ырықтандырылды және оның «бәсекеге қабілеті жоғары» дейді Сәтқалиев. «Сатуды ұлғайту және жаңа өткізу нарығын табу үшін компанияда терең өзгерістер үдерісінен өтудеміз».

Мұнымен қатар, Қазақстан өзіне 1990 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай парниктік газдарды 15-25%-ға қысқарту бойынша міндеттемелер алды. 2009 жылы жаңартылатын энергия көздеріне қолдау көрсету туралы және 2012 жылы энергия үнемдеу туралы заңның қабылдануымен байланысты біздің еліміз Орталық Азиядағы төмен көміртекті экономикаға көшу стратегиясын әзірлеген алғашқы мемлекет болды. Самұрық бұл көшу үдерісінде басты әрекет етуші тұлға болып табылады. «Біз өнеркәсіптік ауқымдағы жел электр станциясын салған алғашқы компания болып табыламыз. Сонымен қатар күн энергиясы мен энергияны шоғырландыруды пайдалануда да алғашқылардың біріміз».

Үкімет өзінің алдына 2020 жылға дейін жалпы қуаты 3054 МВт ЖЭС объектілерін салуды мақсат етіп қойды, оның ішінде 1787 МВт – жел электр станцияларының, 714 МВт – күн электр станцияларының, 539 МВт – су электр станцияларының және 15 МВт – биогаз станцияларының үлесіне тиеді. 2050 жылға қарай электр өндірудегі ЖЭК үлесі 50%-ға жетуі тиіс.

  ТЫМ АРЗАН КӨМІР

«ЖЭК үлесін өсіру науқанындағы ең үлкен кедергі тым арзан көмірді көптеп өндіру болып табылады» дейді Сәтқалиев. «Ішкі арзан көмір қорымыздың көптігінен электр энергиясының көтерме бағасы киловатт-сағатына  2,2 центті (доллар) құрайды». Жаңартылатын энергия көздері мұндай төмен баға жағдайында бәсекеге түсе алмайтындықтан, Үкімет қазіргі кезде жаңартылатын энергия көздері үшін ынталандырушы тарифтерді ұлғайту мүмкіндігін зерттеуде. Бірақ Сәтқалиев төмен көміртекті экономикаға көшу көмірге Қазақстанда тәуелділіктің мықты болуына әрі экономикалық өсудің қажеттілігіне байланысты бірте-бірте атқарылатын үдеріс болатынын мойындайды. «Біздің ағымдағы жағдайымыз энергетикалық кешенді тез өзгертуімізге мүмкіндік бермейді. Болжамға сәйкес, көмір біздің энергиямыздың кем дегенде екі онжылдық көлемінде аса ірі энергия көзі болып қала береді».

Көміртекті тұту және сақтау (КТС) Қазақстан үшін көмірдің бәсекеге жарамды бағасын сақтай отырып, өзінің климаттық міндеттемелерін орындауы үшін тартымды нұсқа болуы мүмкін. Сәтқалиев: «КТС біз үшін ойын ережесін өзгертетін фактор болуы мүмкін. Бұл көмірдің төмен көміртекті келешек бағытындағы жалғастырушы буын болуына мүмкіндік береді».

«Қазақстан КТС мүмкіндіктерін мұқият зерттеуде» дейді Сәтқалиев. Еліміздің сарапшылары Канаданың Саскачеван провинциясындағы «Баундари Дам» жобасын барып көрді, сондай-ақ Қазақстан Стэнфорд университетінің «Стэнфорд Энерджи 3.0» [https://se3.stanford.edu] бағдарламасына қосылды, ол КТС саласындағы маңызды зерттеулерді қамтиды. Алайда қазіргі кезге дейін ешқандай нақты инвестициялар жүзеге асырылған жоқ. Сәтқалиев осы бағыттағы ілгерілеуге байланысты бес жыл ішінде КТС саласында инвестициялық шешімдердің қабылдануын күтеді.

Сәтқалиевтің айтуынша, КТС-тің дайын технологияларын пайдаланатын көмір электр станциялары тіпті еліміздің айтарлықтай уран қоры бола тұрса да, Қазақсандағы атом электр станцияларымен салыстырғанда экономикалық жағынан тиімді болып табылады. Бұл уранды үлкен пайдамен экспорттауға болатынына байланысты, ал төмен сұрыпты отандық көмір олай экспорттауға келмейді.

Сәтқалиев сондай-ақ энергетикалық секторда көмірді газға ауыстыру мүмкіндіктерін де көреді. «Биыл біз тұңғыш рет өзімізді жеткілікті деңгейде газбен қамтамасыз еттік. Осы кезге дейін біз газды Түрікменстаннан, Өзбекстан мен Ресейден импорттауымызға тура келді.  Мен көмір электр станцияларын газ электр станциялары мен ЖЭК-объектілерін үйлестіре отырып ауыстыру неғұрлым мақсатты шешім болады деп ойлаймын».

ОРТАҚ НАРЫҚ

Басқа негізгі іс-шара Еуразия Экономикалық Одағы аясында жоспарланып отырған бірыңғай энергетикалық нарықты құру болып табылады, оған Қазақстаннан бөлек Беларусь, Ресей, Армения және Қырғызстан кіреді. «Біздің электр энергиямыз бәсекеге өте қабілетті болғандықтан, бұл бізді қуатты экспорттау үшін жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз етеді» дейді Сәтқалиев.

Қазақстанның энергияның ауысуы кезеңіндегі неғұрлым маңызды элементтердің бірі энергия тиімділігін арттыру болып табылады. Компаниялар 2015 жылдан бастап әрбір 5 жыл сайын энергия аудитінен өтуі қажет және энергия сыйымдылықты арттыру бойынша жол карталарын әзірлеу ұсынылады. Бірақ электр энергиясына бағаның тым төмен болуы бұл бағыттағы ілгерілеушілікке кедергі жасайды дейді Сәтқалиев. Сөзін қорыта келіп, ол былай дейді: «Өнім берушілер тиісті пайда алу үшін ішкі нарықтағы бағалар барынша жоғары болуы, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігін пайдалануға ынталандырылуы тиіс».

Алмасадам Сәтқалиев 1992 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, онда механика және қолданбалы математика саласы бойынша маманданды. 2015 жылы Назарбаев Университетінде Жоғары бизнес мектебін «Басшыларға арналған Іскерлік Әкімшілік ету магистрі» бағдарламасы (Executive MBA) бойынша (Дьюк университетінің жанындағы Фукуа бизнес мектебімен бірлескен бағдарлама). Ол Қазақстан Жаратылыстану Ғылымдары академиясының академигі, Ресей Жаратылыстану Ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі болып табылады. 

Дүниежүзілік Энергетикалық Кеңесінің толық басылымы: World Energy Focus

2016.04.05
2016.04.07

Әзірленді: Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng