Источник материала:

    Егемен Қазақстан

Энергетиканың жаңа өркендері

2013.12.28
2015.06.10

Биылғы жыл компания үшін серпінді дамудың сатысы болды, еуразиялық маңызы бар бәсекеге жарамды электр-энергетикалық холдингтің орнығуы үшін берік негіз қаланды.

Алдын ала жасалған қорытынды бойынша компанияның таза пайдасы 40 млрд. теңге деңгейінде күтіліп отыр, ол 2012 жылғы мөлшерден екі есе артық. «Самұрық-Энерго» АҚ қаржылық нәтижелері мен өндірістік көрсеткіштердің тұрақты өсуі электр энергиясын өндіру, бөлу және сату, көмір өндіру бойынша бытыраңқы мемлекеттік активтерді біріктірудің тиімділігін растайды. Холдинг құрамына «ВК РЭК» АҚ, «Шығысэнерготрейд» ЖШС кірді. «Қазақмыс» тобынан ұлттық маңызы бар станса болып табылатын «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС 50% үлесін сатып алу туралы келісім жасалды.

Жалпы алғанда, 2013 жыл компания үшін жемісті болды. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тарапынан көрсетілген қолдау мемлекет басшылығы қойған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беріп отыр. Компанияның ағымдағы инвестициялық қоржынында 15 жоба бар, оларды іске асыру электр қуатының тапшылығын жабуға мүмкіндік береді және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Олардың ішіндегі 4 жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында, ал 6 жоба - Индустрияландыру картасының аясында іске асырылып келеді.

Аяқталған жобалардың қатарында - қуаты 300 МВт. құрайтын Мойнақ ГЭС-ін пайдалануға қосу, қуаты 500 МВт. құрайтын «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-дағы 8-ші энергоблокты қалпына келтіру жобалары бар. Саладағы ең ірі жоба болып табылатын Балқаш ЖЭС бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл жоба кореялық консорциум Samsung C&T және KEPCO бірлесе іске асырылуда.

«Жасыл экономиканы» дамыту бойынша жоспарларға сәйкес жаңартылмалы энергия көздері - орта және шағын су электр стансаларын, жел парктері мен күн электр стансаларын электр теңгеріміне тарту компания үшін басым болып табылады. Жалпыұлттық телекөпір барысында, 20 желтоқсан күні Алматы облысының Қапшағай қаласында салынған алғашқы өнеркәсіптік күн электр стансасының жұмысы іске қосылды. Болашақта оның қуатын 2 МВт.-дан 100 МВт.-қа дейін арттыру жоспарланған. 2014 жылы компания Ерейментау жел электр стансасын пайдалануға беруді көздеп отыр, ол Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін электрмен қамтамасыз ететін негізгі нысанға айналады. Бастапқы кезде оның қуаты 45 МВт. құрайды, кейіннен ол 300 МВт.-қа дейін жеткізіледі.

Ендігі кезекте - болашақта қуаты 300 МВт.-қа дейін кеңейтілетін «Шелек дәлізінде ЖЭС салу» жобасын, «Кербұлақ ГЭС-ін салу», сонымен қатар, Шелек, Көксу өзендерінде, Үлкен Алматы арнасында жалпы белгіленген қуаты 300 МВт. болатын шағын электр стансаларын салу жобалары орын алған.

«Самұрық-Энерго» АҚ еншілес және тәуелді компаниялары тұтынушылар үшін қызмет көрсету сапасын жақсартатын бірқатар жобаларды іске асырды. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Үкімет пен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен мегаполисті энергиямен қамтамасыз ету сенімділігін бірнеше мәрте арттыратын 220 кВ энергетикалық шеңберін құруды аяқтады. Екі тізбектік ВЛ 220 кВ бар «Кеңсай» (Бесағаш) шағын стансасын іске қосу Алматы облысының тарихындағы ең ауқымды жобаның ақырғы сатысы болды. Қала шеңбері «KEGOC» АҚ 500 кВ тіректік шағын стансаларды және «АЖК» АҚ тораптық шағын стансаларды біріктірді, ол Қазақстанның БЭО-пен сызбалық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік берді.

Алматы энергия торабын дамыту аясында Алматы ТЭЦ-1 және ТЭЦ-2, «АлЭС» АҚ ГЭС каскадын қайта қалпына келтіру және кеңейту жобалары жүзеге асырылуда, әуелік электр тарату желілерін кәбілге ауыстыру жоспарланған. Энергия тиімділігін арттыру және есепке алу жүйелерін енгізу бойынша жүргізілген іс-шаралардың арқасында 2 жыл ішінде «АЖК» АҚ жүйелерінде нормалағаннан артық шығындар болған емес.

«Маңғыстау РЭК» АҚ және «ВК РЭК» АҚ күшімен батыс және шығыс аймақтарда жүйелерді, шағын стансаларды жаңарту басталды.

Қоршаған ортаны қорғау бойынша елеулі нәтижеге «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес кәсіпорындары - еліміздің энергетикалық жүрегі болып табылатын Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 қол жеткізді. 2009 жылдан 2013 жылға дейінгі кезең ішінде мұнда күл шығару жүйелері қайта қалпына келтірілді және стансаның жұмыс істейтін барлық 8 блогында электр сүзгілері орнатылды. Заманауи тазарту жүйелері жылына шамамен 150 мың тоннаға дейін, атмосфераға шығарындыларды бірнеше есе азайтады, ал ол Павлодар облысындағы экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.

Алдыңғы қатарлы халықаралық қаржы институттарымен серіктестік даму үстінде. Еуразиялық қайта құру және даму банкімен 9,150 млрд. теңгеге жасасқан несие келісімінің арқасында «Шардара ГЭС-ін жаңарту» жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

2013 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Кореяның Тэгу қаласында өткен 22-ші Бүкіләлемдік энергетикалық конгресс WEC-2013 жұмысына қатысып, өзін әлемдік энергетика алыптарына танытты. Аталған конгрестің маңызды нәтижесі - Бүкіләлемдік энергетикалық кеңестің бас хатшысы Кристоф Фраймен қол қойылған 2014 жылы Астана экономикалық форумының аясында Әлемдік энергетика жетекшілерінің саммитін өткізу туралы меморандум екендігі аян.

Конгреске қатысушыларға ұсынылған «Әлемдік энергетика сценарийлері: 2050 жылға дейінгі энергетиканың болашағын құру» атты баяндамада барлық елдерге «энергетикалық трилемманың» (энергетикалық қауіпсіздік, энергетикалық теңдік және экологиялық тұрақтылық) шешу жолдарын іздеуге тура келетініне назар аударылғанын айта кету орынды.

Қоғам бүгінгі күні энергияға қоятын маңызды талаптар «Қазақстан Стратегиясы 2050»-де жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың таусылуы мен үшінші индустриялық революция секілді үндеулер түрінде айқындалды.

Жаһандық үдерістерді отандық отын-энергетика кешенінің аспектілеріне кескіндейтін болсақ, аталған үндеулер ғылыми-техникалық және қоғамдық прогресс үшін қосымша ынталандыру болып табылатынын айта кету қажет. Сондықтан бүгінгі күні Қазақстанның электр энергетика саласы үшін инновациялық құрамы мен төмен көміртекті экономиканы құрастыруды қоса алғандағы барлық даму жолдарын дұрыс бағалай білу аса маңызды міндет болып отыр.

Заманауи энергетиканың техникалық міндеті болашақтың сапалы жаңа шешімдеріне көшуді бастауға мүмкіндік беретін экологиялық таза технологияларды кеңінен қолдану қажет деп белгіленген.

Қазақстан энергия тұтынуының құрылымы орталықтандырылған өнеркәсіптік кешен үшін орынды болатын базалық өндіруді талап етеді, соның нәтижесінен біздің жағдайымызда ЖЭК-ті енгізу үрдісі бір қалыпты сипат алуда.

Көмір генерациясынан ЖЭК-ке тез қарқынмен өту елеулі күрделі шығындарға және энергиямен қамтамасыз етудің төмен сенімділігіне әкеп соқтырады. Баламалы энергия көздерін (жел, күн) барлық жерде енгізу энергияны сақтау технологиясына қарай орын толтырарлық өндірісті қажет етеді.

Қазіргі таңда, әсіресе, өнеркәсіптік термоядролық реакторларды құру саласында жүргізіліп жатқан келесі деңгейдегі перс¬пективалы және қауіпсіз технологияларды әзірлеудің болашағы аса зор.

Дамудың консервативтік жолы әдеттегі энергия көздерін баламалы көздердің: желдің, күннің, биомассаның, геотермалдық энергетиканың, ядролық энергетиканың жаңа нысандарының дамуымен бірге пайдалануды көздейді.

Осы аталған басымдықтарға сәйкес ағымдағы жылдың ақпан айында компанияның Директорлар кеңесі ұзақ мерзімді 2012-2022 жылдарға арналған «Самұрық-Энерго» АҚ даму стратегиясын бекітті. Бұл құжаттың басым бағыттары - Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, акционерлік капиталдың құнын арттыру және әлеуметтік жауапкершіліктен тұрады. Болашақта біз «Самұрық-Энерго» АҚ-ты еуразиялық маңызы бар бәсекеге жарамды электр-энергетикалық холдинг ретінде танитын боламыз.

Бұл мәртебе компанияға мемлекет мүддесін алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибелер арқылы, соның ішінде ұлттық маңызы бар электр стансаларын, көмір кеніштерін сатып алу және салу, әлеуметтік жауапкершілігі бар тарифтерді белгілеу, электр энергиясының мемлекетаралық саудасын жүргізу кезінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Самұрық-Энерго» АҚ отын түрлері бойынша электр энергияны генерациялау үшін және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес оңтайлы теңгерімге қол жеткі¬зуді көздеп отыр, осыған орай өз энергетикалық қоржынын әртараптандырады. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, компания стратегиясы 2022 жылға дейінгі технологиялық әлеуеттің инновациялық дамуына бағытталған.

Атап айтқанда, ЖЭК үлесінің арттырылуы, қолданыстағы қуаттарды жаңарту және таза көмір технологиясының негізінде жаңа қуаттарды салу көзделген.

Басты назар қоршаған ортаға тигізетін жағымсыз әсерді төмендету мен тиімділігін арттыруға, яғни күлдің, күкірт оксиді мен азот шығарындыларын азайтуға аударылмақ. Сонымен қатар, жылу стансаларының шағын бөлігі көмірқышқыл газын ұстап қалу және сақтаумен электр энергиясын өндіруге ауысады.

Осы мақсатпен «Самұрық-Энерго» АҚ АҚШ Энергетика министрлігінің жанындағы Ұлттық энергетикалық технологиялар жөніндегі зертханамен (National Energy Technology Laboratory) ынтымақтастық қатынастар құрды, ол зертхана энергетикалық және экологиялық ғылыми-техникалық бағдарламаларды кеңінен жүзеге асыруымен әйгілі. Биылғы жылғы күзде NETL өкілдерінің сапары барысында Екібастұз кеніштерінде жоғары күлді көмірді жағу жөніндегі перспективалы әзірленімдерді қолдану мүмкіндігі зерделенді. Бүгінгі күннің өзінде-ақ америкалық тарап үлкен жетістіктерге қол жеткізді, ол ішкі айналымдық газдандыруы бар, көмірқышқыл газын ұстап қалатын және сақтайтын өндірістік бу-газ қондырғысын Миссисипи штатындағы Кемпер графтігінде іске қосты. 582 МВт. қуаты бар қондырғыны орнатудан 65 пайыз СО2 ұсталып қалады да мұнай өндірісін арттыру мақсатында мұнай қабаттарына айдалатын болады. Бұл әзірленім технологиялық алға басу және көмір генерациясының дамуында жаңа кезеңнің бастамасы екендігі сөзсіз.

Бұл Қазақстан энергетикасы үшін озық және экологиялық таза технологияларға қол жеткізу мүмкіндігіне жол ашады. Оның маңызы ерекше, себебі «Самұрық-Энерго» АҚ ішкі нарықтағы үлесіне энергетикалық көмірді өндіру секторының шамамен 40%-ы тиесілі. Болжамдар бойынша 2022 жылға қарай өндіріс көлемі 44 млн. тоннадан 65,4 млн. тоннаға дейін жетеді. Жаңадан сатып алынып отырған көмір кеніштерінің негізінде компания көмірді газдандыруды, синтетикалық сұйық және газ тәріздес отынды, гуминдік препараттарды және т.б. шығаруды көздейтін көмір-химияны дамытуды жоспарлап отыр.

Электр энергетикасының негізгі даму үрдістерінің бірі - зияткерлік энергия жүйелеріне көшу өзекті міндет. Мұндай жүйенің ерекшелігі - иілгіштігінен, басқаруға икемділігінен автоматтандырылуынан және адами фактордың аздығымен ерекшеленеді. Ол жинау (аккумуляторлық) стансалардың болуы мен ЖЭК-ке қиындықсыз көшу мүмкіндігімен, соның ішінде биокомбинирленген электр стансаларын салу жолымен, мысалы, ЖЭК + су жинау стансасынан тұрады.

2030 жылға қарай «Самұрық-Энерго» тұтынушыларды энергиямен сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Қазақстанның зияткерлік энергия жүйесін құруға ниеттеніп отыр.

Сондай-ақ, жаңартылмалы қуат көздері еліміздің болашақ отын-энергетика кешенінің неғұрлым сындарлы және тиімді нысанына айналады. Осы тұрғыдан алғанда «Самұрық-Энерго» АҚ «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған міндеттерді абыроймен жүзеге асыру мақсатында электр энергетикасы саласының орнықты дамуына және тиімді экономиканы құруға өз үлесін қосады.

Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы.

Әзірленді: Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng