Ақмола облысындағы жел электр станциясы 4,5 млрд теңгенің өнімін өндірді

Ерейментау ауданындағы жел электр стансасы 193 млн кВт энергия өндірді

Ақмола облысындағы жел электр станциясы 4,5 млрд теңгенің өнімін өндірді

Ерейментау ауданындағы жел электр стансасы 193 млн кВт энергия өндірді.

1 жыл бұрын іске қосылған жоба қазір толық қуатында жұмыс істейді. Оның үстіне жергілікті қазынаға қыруар пайда түсіріп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Бұл – Сарыарқаның сайын даласында орналасқан еліміздегі ең алғашқы жел электр стансасы.

Оның іске қосылып, табиғи қуат көзінен электр энергиясын өндіріп жатқанына 1 жылдан асты. Содан бері станса дамылсыз соққан желдің күшімен тынымсыз жұмыс істеп тұр.

Ерлан Жақыпов, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Біздің осы жоба 172 млн кВт электр энергия жылына өндіру керек. Біз 14 айдың ішінде 193 млн кВт электр қуатын өндірдік. 100% қуатында істеп тұр. 

Станса аз ғана уақыттың ішінде 4,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Орташа есеппен секундына 20 метрге жуықтайтын желдің екпіні мол пайдаға кенелтіп келеді. Мұнда тұрған 22 қондырғы күн сайын 50 мыңға тарта тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз ете алады.

Арман Қашқынбеков, «Қазақстанның жаңартылған энергетикасы» қауымдастығы басшысының орынбасары:

- Қазақстанда қазір жаңартылған қуат көзін өндіретін екі станса бар. Соның бірі – осы Ерейментау ауданындағы жел электр стансасы. Келер жылы біздің елде дүниежүзілік ЕХРО көрмесі өтеді. Сондықтан осы жобаның маңызы зор. Жалпы, біздің еліміз бұл салада тұрақты дамып келеді. Ресейдің өзі мұндай электр стансасын салуға енді кірісіп жатыр.

Осылайша желден қуат алып отырған мекеме Астана қаласы мен Ақмола облысының бірқатар елді мекеніне табиғи таза өнім береді. Жобаға жұмсалған қаржы да қайтарыла бастады. Оның үстіне, әр қондырғының 20 жыл жұмыс істеуіне кепілдік берілген. Жалпы аумағы 50 гектардан асатын аумақта орналасқан қондырғылардың саны алдағы уақытта көбейе түспек. Осылайша Ерейментау аймағын желден қуат алатын алып өндіріс орнына айналдыру жоспары бар.

Рауан Мыңбаев, Әнуар Тәуекелов, 24.kz

2016.11.26
2016.11.28

Әзірленді: Webmarka

  • Қаз
  • Рус
  • Eng